Жиһаз өндірісінде білікті маман жеткіліксіз

Елімізде жиһаз өндірісі бір жылда 20%-ке артқан.

Бұл салада Алматы көш бастап тұр. Мұндай мәлімет жиһаз жасайтын кәсіпорындардың халықаралық форумында айтылды. Ағаштан түйін түйген шеберлердің пікірінше, статистика жақсы болғанымен, сапа жағы ақсап тұр. Себебі жиһаз жасаумен айналысатын 1900-ден астам компанияның жетеуі ғана ірі кәсіпорынға жатады. Қалғаны – шағын цехтар. Автоматтандырылған құрал-жабдықты алуға олардың қалтасы көтермейді. «Сондықтан да шағын кәсіпкерлерге арнаулы жеңілдетілген несие жолдарын қарастыру керек», - дейді сала мамандары. Ол құралдарды басқаратын маман мәселесі тағы бар. Қазір мамандандырылған оқу орындары білім беру бағдарламасына заманауи технологияларды енгізуді қолға ала бастады.

Александр Накрайников, Жиһаз және ағаш өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:

- Жиһаз саласында республика бойынша білікті де білімді мамандар тапшы. Осындай шаралар мықты маманды дайындауға, кәсіпорындарға заманауи технологияны енгізуге септігін тигізеді. Қазір өндірісті автоматтандыру қажеттігі туындап тұр. Бұл өндіріс көлемін арттырып, сапаны жақсартады.

Ердәулет Жәнібеков, Алматы көпсалалы колледжі директорының орынбасары:

- 2023 жылы біздің Алматы көпсалалы колледжінің 10 арнайы пән мұғалімдері және оқу өндірісі шеберлері Германия мемлекеті, Түркия және Қытайда халықаралық тағылымдамадан өтіп келді. Осы тағылымдаманың арқасында біз қазіргі таңда осы халықаралық форумды өткізіп жатырмыз.