Түркістан облысында білім қызметкерлері ₸1,8 млрд жымқырған

Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 1 миллиард 800 миллион теңгені жымқырған.

Бұл фактіні Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті мен прокурорлар әшкереледі. Мақтаарал және Бәйдібек аудандық білім бөлімінің өкілдері соңғы 3 жыл бойы мектеп қызметкерлерінің карточкалық шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлерінің орнына олармен үлестес болғандардың құжат мәліметтерін енгізген. Осылайша оларға тиесілі қаражатты иемденіп отырған.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында іс бойынша айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізіліп, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта іс бойынша жауапкерлер 120 млн теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берді. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.