Ақтөбе облысында сүтті мал шаруашылығына қолдау болады

Ақтөбе облысында сүт шаруашылығын дамыту бағытында 3 млрд теңге игерілмекші, деп хабарлайды 24KZ.

Нәтижесінде сүтті мал өсірумен айналысатын қожалықтар мен бірнеше өңдеу өнеркәсібінің дамуына түрткі болмақ. Алайда үміткерлерге қойылатын талаптар да бар.  

12 жыл бұрын 7 бас сиырмен шаруа қожалығын құрған Мұхамбетхан Қарсақовтың бүгінде 700-ден астам ірі қарасы бар. Күнделікті сүтін екі бірдей өңдеуші компанияға тапсырып отырады. Сол үшін мемлекеттен субсидия алады. Ал алдағы уақытта сауын сиырлардың санын көбейтіп, еуропалық стандарттағы бірнеше кешен салмақ ойы бар. Жоспарды іске асыру үшін 3 миллиард теңгеден астам қаржы қажет.

Мұхамбетхан Қарсақов, шаруа қожалығының басшысы:

- Жаздыңгүні 10 тоннаға дейін шығады. Осы қыстың уақытында бұзауға сүт береміз, басқасы бар, 5-6 тонна сүт тапсырамыз әзір. 2025 жылы мен тауарный ферма салам. Соған сиыр сатып әкелем. Соны 1200 басқа жеткізем деп отырмын. Жоба дайын.

Сүт шаруашылығын одан әрі дамыту үшін енді елімізде шаруаларға 2,5%-пен несие берілмек. Бағдарлама мақсаты – сүтті өңдеп дайын күйінде тұтынушыларға ұсынатын ұйымдар қатарын арттырып, бәсекелестік орта қалыптастыру. Мамандардың айтуынша, сол кезде өнім түрі де молаяды. Әзірге Ақтөбе облысы бойынша 10-ға жуық қожалық жобаға қатысуға қызығушылық білдірген. 

Панабек Бимұратов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Шаруашылықтардың бәрі Үкімет тарапынан қолдауын көреді. Біз қазір олардың алдына тапсырма қойдық. Бірінші, мал азығының жеткілікті қорын дайындау. Бұл мақсатқа суармалы жерлерді түбегейлі жүзеге асыру. Тағы талабымыз, өсірілетін мал еуропалық немесе америкалық генетика болу керек жоғары өнімді. Өзінің жұмысының тиімділігін арттыру үшін әрмен қарай өндірілген өнімді өңдеу керек, өзінің маркасы болу керек.

Жалпы облыста сүт шаруашылығына қолайлы 6 ауданда 100-ге жуық қожалық бар. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 386 000 тонна көлемінде сүт өндірілген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.