Кентау тұрғындары жылуға жарымай отыр

Қыстың көзі қырауда Кентау қаласының тұрғындары бір жарым айдан бері жылуға жарымай отыр.

Бұған жылу орталығында шыққан ақау себеп. Қазір тұрғындар электр құрылғыларымен жылынуға мәжбүр. Бұған жергілікті билік не дейді?

- Мұздай батарея деген, жылу келмейді, міне!

Кентаулықтар бір жарым айдан бері жылуға жарымай отыр. Желтоқсан айында жылу қазандығында болған ақаудан кейін электр пешін қосып, суық үйде бүрсеңдеп отырғандарын айтады.

Гүлзат Сейтжанова, қала тұрғыны:

- Мынадан шылқылдап су ағады. Бөлме салқын болғасын. Мынаны алдына осылай қойып қоямын. Мынаны 2-3 күнде әктеп тұрамын. Әйтпесе осындай көктің иісі шығып, үйдің бәрі көгеріп кеткен, жылу жоқ.

Дүрия Мұхамедова, зейнеткер:

- Бүрсеңдеп тамақ ішеміз, бүрсеңдеп шәй ішеміз. Бойымыз жылымайды. Жаурап, дірдектеп отырасың. Пеш те қосып жатырмыз, арасында газды да жағып отырамыз бойымыз жылынсын деп.

Тұрғындар жылудың жырын айтып қала әкімдігіне бірнеше рет барған. Бірақ нәтиже жоқ. Жығылғанға жұдырық. Электр пешімен жылынып отырған тұрғындар енді жарықты да қымбаттатып жібергенін айтады.

Әлия Кенжебаева, қала тұрғыны:

- Тарифіміз 21 теңгеден басталып, 35 теңгемен тоқтайды. Телефонымдағы түбіртектерді көрсетсем, 35 мың, 32 мың, 28 мыңнан төлеп отырған қаншама адам. Соны 18 теңгеге түсіріп берсе екен. Адамдар жарықты пайдаланбаса тағы да жауап қалады.

Жылу тек үйлерде ғана емес, мектеп, ауруханаларда да мардымсыз. Сондықтан ауырып ем іздегендер сырқатына сырқат қосып жатыр, дейді.

Жансұлу Кененбаева, қала тұрғыны:

- Аурухананың айта алмаймын суықтығын. Укол салатын жерлері мүлдем суық. Мүмкін емес, сол жерде 1 жасар, 6 айлық баланы тастай емдеу болмесіне алып кіріп, емдеп жатыр. Біз өзіміз халықтың санын көбейте алмай жатқанда халықты қыру бұл. Дәріхана мен жарықты байытып жатырмыз.

Ал жылуға жауаптылар жазда қазандықтардың түгел жөнделгенін айтып, қыстан қысылмай шығамыз деп сендірген.

Серік Қайратұлы, «Кентау Сервис» Мемлекеттік кәсіпорынының директоры:

- Биылғы қыстық маусымда 4 қазандық жұмыс істейді. Қалған 4 қазандық резервте болады. Сол қазандықты қайта құрудың нәтижесінде биыл жылу маусымында тұрақтылықты арттырып, соған ниеттеніп отырмыз.

Ал ағымдағы жөндеуден өткен 4 қазандықтың қаланы толық жылумен қамтуға күші жетпейді. Оны жауаптылар да мойындады.

Талғат Ысқақов, Кентау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- 4 қазандық бізде штаттық режимде жұмыс істейді. Бірақ профилактика дейді 2 апта сайын қазандықтарды тазалап тұру керек. Тазалайтын кезде біреуін тоқтатып, тазалайды. Сол кезде бізде жылудың температурасы түсіп жатыр.

– 4 қазандықтың күші жетпей жатыр ма?

– Иә, 4 қазандықтың шамасы жетпей жатыр.

Оның үстіне 600-дей нысанның жылу орталығына қосылуынан көпқабатты үйлерге жылу жетпей қалған. Қазір жауапты бөлім мамандары 138 нысанды жылудан ажырату бойынша сотқа талап арыз түсірген. Ал толық жөндеуден өтіп жатқан екі қазандық жақын арада қосылмайтынын жеткізді. Демек, тұрғындарға қыс біткенше амалдауға тура келеді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш