Қостанай облысында бірқатар ауданда су тасу қаупі жоғары

Қостанай облысында 98 гидротехникалық құрылым бар.

Соның 13-і нашар күйде. Мамандардың айтуынша биыл Қарасу, Науырзым, Әулиекөл, Аманкелді, Жанкелдин аудандарында су тасқыны қаупі жоғары. 

Өңірде қаңтарда тиісті нормадан екі есе көп қар жауды. Сондықтан ақ ұлпа күрт ерісе, өзен мен көлдер арнасынан асуы ықтимал.

Қостанай облысында 6 су қоймасы бар. Соның барлығы кемі ширек ғасыр күрделі жөндеу көрмеген. Қазір мынау мен тұрған Аманкелді су қоймасының жағдайын мамандар қанағаттанарлық деп бағалағанымен көктемгі су тасқынында тосын жағдай туындамасына кепілдік бере алмайды. 

Жетпіс жыл бұрын салынған бұл су қоймасы 2019 жылы толық жөндеуден өтуі тиіс еді. Тіпті ақшасы бөлініп, тендер өткізілген. Бірақ кейін комиссия қайта жаңғыртатындай соншалықты тозып тұрған жоқ деген тоқтамға келді. Мұндағы қызметкерлер техникалық құрылғының кейбір бөлшектері ескіргенін мойындап отыр. Мысалы кранмен ашылып-жабылатын ауыр қақпақтардың бір-екеуі кертігіне келе қоймайды. Сондықтан жыра тауып, су өздігінен ағып кетеді. Жалпы облыс аумағында күзде жүргізілген зерттеулер барысында 13 гидротехникалық құрылымның жағдайы күрделі екені анықталған.

Нұрлан Қатарбеков, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- 2023-2024 жылдары 9 гидротехникалық құрылымды қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 553,1 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар екі бөгетті жөндеу тасқынға қарсы іс-шаралардың «Жол картасына» енгізілді.

Биыл облыс аумағында су басуы ықтимал 89 елді мекен бар. Бұл сегіз мың тұрғыны бар екі мыңнан астам үй. 

Аязбек Ысқақов, ТЖД ресми өкілі:

- Соңғы жылдардың жүргізілген инженерлік жұмыстардың нәтижесінде су басу қаупі 5 елді мекенде алынып, 48 елді мекенде азайтылып, 36 елді мекенде су басу қаупі сақталған қазіргі таңда.  

Метеорологтар қыр төсінен келетін судың мол болатынын айтады. Себебі қалың қардың құрамында су басым.

Антонина Шибаршина,  "Қазгидромет" РМК  ҚФ ауа райын болжау бөлімінің басшысы:

- Қазір қардағы су мөлшері климаттық нормадан 147 процентке көп. Және оның денгейі күн сайын артып барады. Сондықтан облыста су тасу қаупі жоғары деп болжап отырмыз.

Алдағы ақпан, наурызда тиісті нормадан артық қар жауады деп күтіліп отыр. Оның үстіне ауа-райы бұрынға қарағанда жылы болады дейді. Сол себепті көктемгі тасқын өңірде кем дегенде бір апта бұрын басталуы ғажап емес.   

Мағауия Қалиев , Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров