Ветеринария қызметін күшейтуге 3,8 млрд теңге бөлінді

Үкімет еліміздің ветеринариялық қызметін күшейтуге өз резервінен 3,8 млрд теңге бөлді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Қаражат зертханаларды дәлдігі жоғары құрылғымен, яғни халықаралық ережелер мен талаптарға сай келетін сұйық хроматографпен жабдықтауға бағытталады.

Динара Әлімова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:

- Бұл ветеринария саласында нақты және дәлдігі жоғары зерттеулер жүргізуге жағдай жасайды. Құрылғы тағам өнімдеріндегі зиянды заттардың болмашы іздерін анықтауға мүмкіндік береді. Оны қолдану халықтың денсаулығын сақтауға зор үлес қосады.

Шегіртке улауға қосымша ₸4 млрд бөлінді

Бұдан бөлек Әлихан Смайылов шегірткенің жаппай таралуының алдын алу үшін Үкімет резервінен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу туралы қаулыға қол қойды. Өйткені биыл нақтыланған болжам бойынша елімізде үйірлі шегірткенің таралу аумағы ұлғайып, 2,5 млн гектар болды. Қосымша қаражат 1 млн 300 мың алқапты химиялық өңдеуге жұмсалады.