Еріктілердің қатысуымен «Менің бауырым» жобасы басталды

Елорда еріктілері алдағы күндері мектеп оқушыларына тәлім береді.

«Менің бауырым» атты жоба аясында 700-ге жуық студент арнайы оқудан өткен. Енді олар бас шаһардағы 96 мектепте оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, ақыл-кеңестерін береді. Игі бастама Астанадан бөлек Алматы, Қарағанды, Жетісу өңірінде жалғасын табады.

Аяна Нығметолла үшінші курс студенті. IT мамандығында оқитынына қарамастан, бойжеткен психологияға ерекше ықылас танытады. Бүгінде ол, қызығушылығын кәдеге асырудың жолын тапқан.

Аяна Нығметолла, жобаға қатысушы:

- Мен қазіргі таңда байқағаным, көп балаларда ата-анасымен арасында қиынырақ мәселе бар екен. Балалар ата-аналарына ашыла алмайды. Және де ата-ана балаларына жеткіліті махаббатын бере алмайды. Соның себеп салдарынан балалар қазір тұйық, ашушаң, толық ойын жеткізе алмайтын болады ғой. Сол себептен осы бағытты тереңірек әрі қарай алып кетіп, балаларды аша алсам деген ниетім бар. 

«Менің бауырым» атты жоба аясында еріктілер мектептегі оқушыларға демеу болады. Бұл үшін жоғары оқу орны студенттері арнайы дайындықтан өтті. Енді олар бала құқықтарының бұзылуына жол бермей, тәрбие жұмысын жақсартуға, өз практикалық дағдыларын қалыптастыруға тырысады. Сондықтан жобаға негізінен педагог, әлеуметтік педагог, психолог, заңгер, IT саласының студенттері іріктелді.

Дильназ Махамбет, жобаға қатысушы:

- Негізі әлеуметтік тұрғыдан зеріттеген болатынбыз. Қысқаша айтқан кезде балалардың арасында болатын қарым-қатынасты, мысалы буллинг немесе әртүрлі шеттету деген секілді. Балалардың өзін-өзі қабылдамауы және де әртүрлі психологиялық мәселелерді бірге қарастырдық. 

Ұйымдастырушылар бұл бастама нәтижесінде жоғары оқу орындарында оқитын студенттер мектеп оқушыларының құқықтық сауатын арттырады, ақыл-кеңестерін беріп, қамқорлықтарын көрсетеді,-дейді.

Гүлнар Балғабаева, «ӨРКЕН» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының вице-президенті:

- Осы еріктілер жобасына тек қана жоғары оқу орындарының студенттері ғана қатыспайды. Біз қазір осы Астана қаласының колледждарындағы студенттерді де қатыстырамыз. Неге? Өйткені біздің мектептегі балалардың тілін ең алғашқы, ең бірінші тіл табатын өздерінің замандастары, иә?

Айжан Құлниязова, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының тренері:

- Бүгінгі мектеп оқушысына қалай қол созуға болады? Оны не толғандырады? Ол қай мәселеде қиналып жүр? Ол қандай мәселеде жоғары деңгейде ойлана алып жүр? деп бағыт-бағдармен баратын болсам,  мен қай бағытта жүру керегін түсінем деген студент жауабы бізді әрине қуантты.

Әзір бұл жұмыстарға 3 мыңға жуық ерікті тартылады. Олар ақпаннан бастап, 5 аймақтағы 800-ден астам мектепте тәлім бермек. Ал қыркүйекте жоба ауқымы әлдеқайда кеңейіп, елдегі 7500-ға жуық мектепті толық қамтиды деген үміт бар.

Дана Әлиева, Диас Ковланбаев