Маңғыстау облысында 77 келі есірткі заңсыз айналымнан шығарылды

Маңғыстау облысының полицейлері 77 келі есірткіні заңсыз айналымнан шығарды, деп хабарлайды 24KZ.

Оның басым бөлігі – марихуана. Құқық қорғаушылар наркотикалық заттарды сатып, тасымалдаумен айналысқан 4  зертхананы әшкереледі. Қоғам белсенділері есірткі сату ісі тыйылмай тұрғанына алаңдап, аймақ басшысынан мәселеге баса мән беруді сұрады.

Көпбалалы ана Гүлмира Әбішева: «ер жетіп қалған ұлдарымның ертеңін ойласам, көңілім жай таппай кетеді», - дейді. Қалалық мәслихат депутаты ретінде тұрғындардан есірткіге қатысты көптеген хаттар түсетінін айтады. Жастардың тағдырына балта шаппаймыз десек, бірлесе батыл әрекетке көшкеніміз жөн дейді, - қоғам белсендісі.

Гүлмира Әбішева, қалалық мәслихат депутаты:

- Біріншіден, ЖОО, колледж студенттері, жоғары сынып оқушыларын есірткіге тесттен өткізу керек. Оған ата-аналар қарсы болмайды деп ойлаймын. Себебі баласына алаңдаған адам өз баласының тағдырына бейжай қарамау керек. Екіншіден, есірткінің қауіптілігін балалар, оқушы, жастар, үлкендер болсын, барлығына да түсіндіруіміз керек.

Облыс әкімдігінде өткен жиналыста наркотикалық және психотропты заттарға сұраныстың күн санап артып бара жатқаны көтерілді. Есірткінің кесірінен жалындаған талай жастың өмірі астаң-кестең болып, сан шаңырақ күйреді. Тұрғындардың тұрмысы мен денсаулығына тигізген кері әсері ұшан-теңіз.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

- Маңғыстау қаймағы бұзылмаған дәстүрі мен әдет-ғұрпы сақталған өңір деп бізді үлгі етеді. Ал неге осы үлгімізді ары қарай жалғастырмаймыз? Маңғыстау ішімдіксіз, нашақорлықсыз, зорлық-зомбылықсыз облыс деп неге шығармаймыз? Әрине 790 мың адамның бәрін бір күнде өзгерте салмаймыз. Әлеуметтік желіде пікір білдіріп қана қоймай, ашығымен айту керек. Бұл да – сыбайлас жемқорлық сияқты індет.

Өткен жылы өңір тәртіп сақшылары есірткіге қатысты 320 заңбұзушылық анықтады. Қылмыстық санатта әсіресе синтетикалық наркоөнімдерді сату дерегі көбейіп кеткен. Сондай-ақ есірткіні сақтап, қолданатындардың саны артып отыр. Ағымдағы жылдың алғашқы айының өзінде полицейлер 30 құқықбұзушылықты әшкереледі.

Кәміл Будайчиев, ОПД есірткіге қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі:

- Өңірге негізінен есірткі партиясы Алматы, Алматы облысы және Қарағандыдан келеді. Аймақта нарколабораториялар бола бермейді. Өйткені біздің облыс түкпірде орналасқандықтан, наркотауарлар дайын күйде жеткізіледі. Синтетикалық есірткіні сату тәсілдеріне келсек, негізінен Telegram мессенджері арқылы саудаланады. Түрлі чат, бот арқылы есепшоттар жіберіліп, электронды қаржы айналымға түседі.

Таяу күндері ғана полиция қызметкерлері көшеде есірткі қорапшаларын жасырып жүрген жас жігіт пен қызды ұстады. Тінту барысында әрқайсысынан 30 орам наркотик табылды. Телефонынан Telegram чатындағы оператор арқылы тапсырыс қабылдаған жазбалары әшкереленді. Қоғам дертіне айналған наркоқылмыспен күресті күшейту үшін өңірде ведомствоаралық үйлестіруші жұмыс тобы құрылды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев.