Бүгін – Азаматтық авиация қызметкерлері күні

Шығыс Қазақстан облысында санитарлық авиация бригадасы бір жыл ішінде 86 рейс жасап, 88 адамның өмірін сақтап қалды.

Заңғар көкке ынтық ұшқыштар қаншама демалыс пен мереке күндерін үлкен әуе кемелерінде, шағын ұшақтардың штурвалында өткізеді.

Бүгін қазақстандық ұшқыштар азаматтық авиацияның жаңа кәсіби мерекесін алғаш рет атап өтіп жатыр. Осы орайда, әріптесіміз көк аспанда жүргендердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Өскемендік ұшқыштар былтыр 200 мәрте көкке көтеріліп, талай жауапты тапсырмаларды орындады. Оның ішінде адам өміріне қауіп төнген сындарлы шақтар да аз болған жоқ. Авиаотрдятың ең негізгі көлігі МИ-8 тікұшақтары төтенше жағдайларда адамдарды құтқару үшін пайдаланылады. Ауа райы мен жер жағдайының қолайсыздығына қарамастан тәулік бойы тынбастан Абай ауданындағы өртті сөндіруде осы тікұшақтың ролі ерекше болды.

Шығыс Қазақстан әуе жасағының бас ұшқышы Денис Грунскийді әріптестері дала қыранына теңейді. Асырып айтқандық емес. Қанатты тұлпарын серік еткен Денис 6 мың сағат аспан кеңістігін шарлапты. Талай қауіпті құз-шатқалдарға қонып, от-жалынмен арпалыса жүріп небір қиын тапсырмаларды орындап келеді. Оның бөлімшесі дәрігерлерді, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды сындарлы сәтте аман алып шығып жүр. Шығыс Қазақстанның жер көлемі 97 мың шаршы шақырым болса, оның негізгі бөлігі - таулы алқап. Ал тау мен таста ең ұтқыр көлік – осы тікұшақтар.

Денис Грунский, ШҚО авиация бөлімінің бас ұшқышы:

- Биыл екі рет құтқару шарасына қатыстық. Әсіресе, электр жарығынсыз қалған шалғайдағы ауылдарға сапарымыз қиын болды. Жер жағдайының қолайсыздығынан тамақты әуеден тастаған кездер есімде. Әйтеуір, берілген міндетті абыроймен орындап шыққанымыз қуантады.

Бұл кадрлар ұшқыштардың Алтай шыңында қалып қойған туристерге көмекке ұмтылған сәтінің куәсі. Тулақтай алаңқайды дәл тауып алып әуе көлігін қондырған ұшқыштардың шеберлігіне тәнті болмасқа шара жоқ. Медициналық авиация бөлімінің бастығы Рафаил Халитов өз ісінің хас шебері. Ол қызмет ететін санитарлық авиация бригадасы былтыр 86 рейс жасап, 88 адамның өмірін сақтап қалды. 

Рафаил Халитов, ШҚО Медициналық авиация департаментінің жетекшісі:

- Марқакөл ауданынан инсульт алған науқасты өте жылдам эвакуацияладық және бір аптадан кейін мұз құрсауында қалған адамды, аудан орталығына жеткіздік. Ол кезде әр минут қымбат болатын. Біз науқастың өмірін сақтап қалуға өз үлесімізді қостық деп білемін.

МИ-8 тікұшағы Риддер тауларында құлаған зымыран сатыларын алып, геологтарға құрал-жабдықтарды жеткізу үшін де таптырмас көмекші. Көк әлеміне күніне әлденеше мәрте самғайтын ұшқыштар әуе кемесін үнемі бабында ұстайды. Арасында уақыт тауып өздерінің шеберліктерін шыңдайды. Ол үшін барлық жағдай жасалған. 

Қалиқан Байғонысов, ШҚО авиациялық бөлімше жетекшісі:

- Былтыр ғана біз Алматыдағы авиациялық академиямен келісім жасап, практикадан өткіздік. 8 ұшқыш пен 3 борт механиігіне. Онан кейін қарағандыдағы «Балапанмен» бізде тероия мен практиканы жасалды. Сондай жұмыстар жалғасуда. Бізде ұшқыштар тапшы Оның бәрін шешуге дайынбыз.

Осылайша Өскеменде аспан әлеміне ынтық жандардың қатары толығып келеді. Қиын да қызықты мамандықты таңдап алған қанатты қырандар қажет кезінде қандай көмекке де дайын. Демек, өз ісінің осындай шеберлері барда  еліміздің азаматтық авиациясы дами беретініне күмән жоқ..

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Вячеслав Ветлугин мен Дмитрий Пыхтин