Елде жаңа халықаралық рейстер ашылады

Былтыр Қазақстанның әуе компаниялары 13 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған.

Бұл - рекордтық көрсеткіш. Азаматтық авиация комитеті саланы одан әрі дамытуды көздеп отыр. Соның ішінде әуе кемелерінің паркін жетілдіру, маршруттар желісін кеңейту және шетелдік инвестициялар тарту басты назарда.

Ерқасым Алтыбаев азаматтық авиация саласында 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Ол бортсеріктер қызметіне жауапты. Осы аралықта әуе кемесімен 14 мың сағат ұшқан екен. Қазір оның екі ұлы да авиациа саласында қызмет атқарады. Ал қызы дәл сол мамандық бойынша білім алып жатыр. Тәжірибелі маман әке жолын жалғаған ұл-қыздарын мақтан етеді.

Ерқасым Алтыбаев, әуе компаниясы бортсеріктер қызметінің басшысы:

- Азаматтық авиацияға келу үшін оны жақсы көру керек, ең біріншісі. Себебі бұл мамандық басқа салалардан өте өзгеше. Өте қуаныштымын осы салада балаларымның еріп, бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға.

Былтыр Қазақстанның әуе кемелері 27 елге аптасына 500 ретке дейін рейс жасапты. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда жолаушылар саны шамамен 20 пайызға артқан. Сұранысқа сәйкес енді ұшақтарды көбейтуге басымдық беріледі. Келесі жылы олардың санын 124-ке жеткізу көзделген. Техникалық мүмкіндік жақсарған сайын жолаушылар тасымалданатын қалалар қатары да толығады. Мәселен, көктемде Алматыдан Куала-Лумпурға, ал одан соң Сингапур мен Токиоға тікелей рейстер ашылмақ.

Айжан Төрекенова, туристік агенттігінің басшысы:

- Әрине, кейбір елдерге саяхат жасау үшін туристерге қосымша рейстер қажет болады. Ал ол шығынды талап етеді. Егер тікелей рейстер ашылса, олар қаржыны да, уақытты да үнемдей алады.

Сонымен қатар терминалдар салу және жаңғырту, ұшу-қону жолақтарын жөндеу жоспарланған. Министрлік ауқымды жобаларды шетелдік инвесторлар арқылы жүзеге асырмақ.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік министрінің орынбасары:

- Астана әуежайы Біріккен араб Әмірлігінің компаниясына басқаруға берілді. Ең алдымен 20 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген ұшу-қону жолақтарын жөндеу көзделген. Сонымен қатар екінші жолақ салу, жүк тасымалдау үшін теміржол салу, қолданыстағы терминалды кеңейту жоспарда. Ал Алматыда құны 200 млн доллар болатын әуежай терминалы мерзімінен бұрын, яғни, жазда пайдалануға беріледі.

Еліміздің азаматтық авиациясында 20 мыңға жуық адам қызмет атқарып жүр. Жолаушылар мен рейстер санының артуы қосымша еңбек күшін талап етеді. Қазір салаға 500 маман қажет екен. Ведомство бұл мәселені Азаматтық авиация академиясын аттестациядан өткізгеннен кейін шешуді жоспарлап отыр. Сонда түлектер қосымша оқудан өтпей-ақ, жергілікті әуе компанияларына жұмысқа орналаса алады.

Авторы: Еркебұлан Смадияров