Елде көші-қон тәртібі қатаңдатылды

Еліміздің мүддесіне қайшы келетін өрескел құқықбұзушылық жасаған шетелдіктер енді 5 жыл бойы Қазақстанға кіре алмайды.

Бүгінде 15 шетелдікке мұндай тыйым салынған. Бұл туралы көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы хабарлады. Алтынбек Масақбаевтың айтуынша, шетел азаматтары көбіне көші-қон заңнамасын сақтамайды екен. Былтыр сол үшін 73 мың шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 7 мың 739-ы елден шығарылды.

Алтынбек Масақбаев, ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Көші-қон заңнамасын сақтамаған шетелдіктерге ішкі істер органдарының қызметкерлерімен әкімшілік хаттама толтырылады. 10 күннен асқан жағдайда әкімшілік сотқа жолданады. Онда соттың санкциясымен 2 түрлі шешім бар. Айыппұл 25 АЕК немесе ҚР аумағынан 5 жылға шығарып жіберу.

82 елмен визасыз режим орнатылған

Айта кеткен жөн, былтыр ел аумағына 14 млн-нан аса адам келсе, оның 12 млн 355 мыңнан астамы елден қайта шыққан. Сала өкілдері азаматтар ағынының көбеюі – 82 елмен визасыз режим орнатылуына байланысты, -дейді. Келушілердің басым бөлігі – Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінің азаматтары.