Шұбар ауылында жаңа мектеп ашылды

Бұл – Ақмола облысының Қызылсуат ауылдық округіне қарасты елді мекен.

Бұған дейін мұндағы оқушылар тозығы жеткен көне оқу ордасында білім алып келген еді. Енді 300 орындық білім мекемесінде оқиды.

Шаттанып ән салған Шұбар ауылының оқушылары енді жаңа мектепте білім алатынына қуанышты. Олар осы уақытқа дейін жарты ғасыр бұрын салынған ескі ғимаратта оқып келді. Тіпті бала санының көптігінен 3 ауысымда оқуға мәжбүр болған.

Мүбарак Байшолақов, Шұбар ауылдық негізгі мектебінің директоры:

- 10 қаңтар күнінен бастап сабақты жаңа мектепте бастадық. Жалпы мектепте 34 мұғалім жұмыс істейді. Оның 26 мұғалімі жоғары білімді, 8 мұғалім арнаулы орта білімді. Оның ішінде 4 мұғалім – жоғары категориялық зерттеуші, 8 мұғалім – эксперт, 12 мұғалім – модератор.

Осылайша, ауылда мектеп мәселесі шешілді. Қазір оқу ордасында 9 қазақ, 9 орыс сыныбы бар. Онда 168 оқушы білім нәрімен сусындайды. Ата-аналар да, жаңа ғимараттың бой көтергеніне дән риза. «Заманауи үлгіде салынған ғимарат жас өрендердің тыным көкжиектерін кеңейтіп, парасат-пайымын ұлғайтады», - дейді олар.

Базаркүл Құрманбаева, ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы:

- Қыз балаларға бір бөлек тігін тігетін кабинет бар екен, жана аралап, қарап шықтым. Ер балаларға қолөнерге баулитын бөлмесі бар екен, мінекей. Балаларымыз демалыс күні осы мектепке жүгіреді. Доп ойнаймыз, спорт зал ашық, кең, жайдары, балаларымызбен қоса өзіміз де қуанып жатырмыз. Осы мектепке салуға атсалысқан облыс әкімдігіне, аудан әкімдігіне, өзіміздің Қызылсуат округының әкімдігіне айтатын алғысымыз көп.

Иә, мұнда білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жүйелі жоспарланған. Сабақтан босағанда оқушылар қосымша үйірмелерге барады Ал пәндерді тереңдетіп меңгерем деген ізденушілерге 4 мультимедия сыныбы, 2 информатика кабинеті қызмет көрсетеді. 3 мыңнан аса кітап қоры бар оқырман залы да оқушылардың игілігіне берілген. Сондай-ақ кең спорт және акт залы бар. 

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Қазір мұнда 1500-ге жуық халық шоғырланған. Астана іргесіндегі ауылға қоныстанушылар да жыл санап көбейіп келеді. Тұрғындардың артуы әлеуметтік нысандардың қажеттілігін тудыратыны белгілі. Мына біз тұрған мектеп әлі де 400-ден аса оқушыға білім беруге мүмкіншілігі бар.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Маханов.