Қағазбастылықпен күрес

Министрліктерде орындаушылардан гөрі басшы көп. Бұл қызметкерлерді ынталандыруға бөлінуі тиіс қаржыны азайтып, жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов осылай деді. Оның айтуынша, бұл елдегі бюрократия мәселесінің негізгі себептерінің бірі. Осы және өзге де фактілерді анықтау мақсатында агенттік жуырда 4 министрліктің жұмысын тексерген.

Аида Меңдібаеваның мемлекеттік қызметте жүргеніне 9 жылдан асты. Саладағы жаңашылдақтар көз алдында. Айтуынша, соңғы жылдары мұндағы қағазбастылық деңгейі едәуір төмендеген. Мұның барлығы цифрландырудың жемісі.

Аида Меңдібаева, Алматы ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бойынша бас маманы:

- Қағазға бұрын көміліп жатушы едік. Көптеген тұрғындардан келген арыздар мен өтініштерді дер уақытында қарау үшін ондаған, 20 шақты бетті оқуға тура келетін. Қазіргі таңда ол мәселе орнына қойылды. Неге десеңіз, е-өтініш платформасы арқылы бізге келетін өтініштер, яғни сандық жүйеде болғандықтан қысқа-нұсқа келеді. Тезірек қарастыруға мүмкіндік алдық.

Дегенмен, проблема түбегейлі шешілген жоқ. Олқылықтар әлі де бар. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілдерінің айтуынша, азаматтар мен кәсіпкерлер тарапынан қағазбастылыққа қатысы шағымдар әлі азайған жоқ. Бұл әсіресе қызметтерді пайдалану кезінде орын алады.

Өткен жылы 910 өтініш түскен. 350-ден астам қызмет алушының құқығы қорғалды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда, 80 процентке көп.

Агенттік мәліметінше, қағазбастылық әсіресе денсаулық сақтау, сәулет, халықты әлеуметтік қорғау, меншік құқығы және жер қатынастары салаларында жиі кездеседі. 0034

Мамандар қағазбастылық лауазым иелерінің көптігінен туындайды деп отыр. Мысалы, бір ғана Экология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігінде 122 адам болса, соның 61-і басшылық лауазымды алады.

Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Сондай-ақ, осы ведомствоның құрылымында жеке департамент бар. Онда бір адамға төрт басшы бар. Олар директор, директордың орынбасары, басқарманың екі басшысы. Осы туралы айтып отырмыз. Ал тапсырмаларды орындайтын бір ғана сарапшы бар. Бәрі соған жүктелген.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қағазбастылықпен күресу үшін 4 министрлікке тексеру жүргізген. Нәтижесінде 1 200-ден астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Кемшіліктерді жою үшін 128 ұсыныс дайындалды. Алдағы уақытта мұндай тексерістер өнеркәсіп және құрылыс пен көлік министрліктерінде жүргізіледі.

Авторлары: Дана Әлиева, Артур Горшняков