Әлеуметтік нысандар қашан тапсырылады?

Ақтөбелік параспортшылар байрақты бәсекелерге балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінде дайындалуға мәжбүр.

Өйткені оларға бейімделген арнайы кешеннің құрылысы 3 жыл бұрын тоқтап қалған. Жалпы облыста қолданысқа беру мерзімі кешіктілірген 30-дан астам нысан бар.

Облыстық мүгедектігі бар жандарға арналған спорт клубында мың жарымнан астам спортшы жаттығады. Олардың 76-сы ұлттық параолимпиада құрамасына мүше. Былтырғы ел біріншілігінде ақтөбеліктер командалық есепте үшінші орынға табан тіреген. Бірақ бұдан да жоғары нәтиже көрсетуде бірқатар кедергіге тап болған. Атлеттер арнайы кешенде ыңғайына қарай жаттыға алмайды.

Гүлнәр Қартанова, мүгедектігі бар жандарға арналған спорт клубының директоры:

- Спортшыларымыз балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінде жаттығып жүр. Оның өзінде түскі үзіліс пен кешкі уақытта ғана барады. Бұл ыңғайсыз. Әсіресе халықаралық жарыстарда өнер көрсететіндер үшін тиімсіз. Жаттығу кестесі мен тәртіп болмағаны қиын.

Ерекше жандарға арналған спорт кешенінің құрылысы үш жыл бұрын басталған. Іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілгеннен әрі аспады. Мердігер құрылыс материалдарының қымбаттауын сылтау етіп, жобаға түзетулер енгізуге тура келді. Енді мамыр айында жұмыс қайта жанданып, күзге дейін тапсырылуы тиіс. Құрылысы тұралап қалған нысандар проблемасы қазір аймақ үшін өте өзекті.

Алмат Мырзалиев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті бастығының бірінші орынбасары:

- Мониторинг көрсеткендей проблемалық объектілердің пайда болу негізгі себептері оның ішінде құрылыстың бастапқы сатысында уақытылы қаржыландыру болмауы, сметадағы сәйкессіздіктер, құрылыс материалының қымбаттауына байланысты жобаларға түзетулер енгізу. Мердігерлердің шарттық міндеттерді орындамауы. Сот істері мен уәкілетті органдардың тарапынан тиісті бақылаудың болмауы болып табылады.

Облыста құрылысы тоқтап тұрған 5 спорт кешені бар. Одан қалды 8 мектепті қолданысқа беру кешіктіріліп жатыр. Жергілікті билік жыл соңына дейін 30-дан астам нысанның 22-сі дайын болады деп отыр. Бірақ құрылыс күн өткен сайын қымбаттап, бюджеттен қосымша қаржыны талап етеді.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының м.а:

- Барлық объектіні қосатын болсақ миллиард жарымдай қаражат бөлініп қазір құрылыстары жасалып жатыр. Әлі де осы мына тұрғын үйлерге түзету жұмыстары енді жүріп жатыр. Олардың бағасы енді алдағы түзету жұмыстары біткеннен кейін белгілі болады. Олардың да шамасы сол 2 млрд-тың көлемінде болады ма деген болжам бар.

Үлескерлер қаржысына салынған баспана мәселесі де ушығып тұр. Облыс орталығында көпқабатты 11 үйдің құрылысы аяқсыз қалған. Осыған орай қылмыстық іс қозғалып, 6 нысанға жаңа инвестор тартылды. Қалғандары мемлекет есебінен бой көтереді. Бюджеттің бұл шығыны бос пәтерлердің саудасынан түскен қаражатпен өтелуі тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов