Павлодар облысы «Қандастарды бейімдеу және интеграциялау» жобасына енді

Павлодар облысы «Қандастарды бейімдеу және интеграциялау» пилоттық жобасына енді, деп хабарлайды 24KZ.

Осыған орай биыл облыс 3,5 мың адамды қабылдайды. Өңірде жұмыс істейтін бейімдеу және ынталандыру орталығы былтыр мыңға тарта адамға көмек көрсетті. Ал 2017 жылдан бастап облысқа ішкі көші-қон бағдарламасы арқылы 14 мыңдай адам қоныс аударып, түрлі себептермен 10%-і кері қайтқан. 

Былтыр Павлодар облысына 3 мыңнан астам адам көшіп келді. Мыңға жуығы – қандастар. Оңтүстік өңірлерден 2 мыңдай адам қоныс аударды.  Өңірде жүзеге асып жатқан пилоттық жоба шеңберінде олар бірсыпыра қызмет түрін алады. Ынталандыру, қоғамға бейімдеу және заң жүзінде  көмектер көрсетіледі. Мамандар азаматтық алу үшін құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдеседі. Қаржылай қолдаулар да бар.  

Жандос Өкенов, көші-қон бөлімінің басшысы:

- Азаматтарымызға 3 түрлі көмек көрсетіледі. Ол – көшіп келу үшін шығындарды өтеу. 70 айлық есептік көрсеткіш шеңберінде. Ол бүгінгі күнде 258 мың 440 теңге және де көшіп келген азамат тұрғын үйді жалдап тұрам дейтін ойы болған жағдайда 12 айы мемлекет тарапынан өтеледі. Үшінші материалдық көмек 2023 жылы ақпан айында іске асырыла бастады. Экономикалық құрылыс сертификаты.

Арнайы сертификат арқылы азаматтар сатып алған үй құнының жартысын өтей алады. Жер алып үй салуға болады. Бейімдеу орталығында тұрып жатқандардың бірі – Амангелді Құлсариевтың отбасы. Олар былтыр қараша айында Түрікменстаннан көшіп келген. Павлодарда тұрақтап қалғысы келеді.   

Амангелді Құлсариев, қандас:

- Маған бәрі ұнап жатыр. Отбасымның әрбір мүшесі үшін көшіп келгенде берілетін субсидияны алдым. Маған ұнайтыны Павлодарда қоғамдық көлік өте жақсы қатынайды. Адамдары сондай мейірбан екен. Табиғаты да ерекше сұлу. Ертіс өзені ұнады.

Облыс орталығында осыдан 8 жыл бұрын қандастарды бейімдеу орталығы ашылды. Содан бері 6,5 мыңдай адамға қызмет көрсетілді. Соңғы жылда  өңірге Түрікменстан қазақтары көптеп қоныс аударып жатыр. 

Қасым Ералинов, бейімдеу орталығының директоры:

- 308 адамды қабылдадық, 308 адамның ішінде Өзбекстан қазақтары бар, одан кете барды Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей азаматтары. Оңтүстіктен келіп жатқан азаматтар бар. Оларға да біз жәрдемдесеміз, көмек көрсетеміз.

Ал ішкі көші-қон бойынша оңтүстік өңірлерден жылына 400-500 адам келеді. Кей жылдары олардың саны 800–ге жеткен. Жағдайларын реттеп алғанша жарты жылға дейін жатақханада тұрады. Орталық бір жыл ішінде мыңға тарта адамға 20-ға жуық мемлекеттік көмек түрлерін алуға жәрдемдескен. Бірінші баспана, одан кейін жұмыспен қамту мәселесі. Ал балаларды   мектепке орналастыру білім басқармасы арқылы шешіледі. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.