Табиғатты ластайтын кәсіпорындарға ₸323 млрд айыппұл салынған

Елдегі кәсіпорындардың ауаны ластау жағдайы 2023 жылы 3,5%-ке төмендеген, деп хабарлайды 24KZ.

Ал өзен-суды ластау 8%-ке азайыпты. Мұны өткен жылды қорытындылаған Экология және табиғи ресурстар министрлігі растап отыр. Заң талаптарын сақтамаған кәсіпорындарға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 323 млрд теңгеге жуықтайды.

Шығыс Қазақстан облысы ел бойынша ауаны ластауда өзге өңірлерден ерек алда тұр. Осындағы 1-ші санатқа жататын 64 кәсіпорын былтыр 2,5 млрд теңгеге жуық айыппұл арқалаған. Тек Казцинк пен Өскемен қаласының жылу орталығы ғана ауаға 40 мың тонна қалдық шығарыпты. Соңғы жылдары ауаға тарайтын зиянды қалдық көлемі тек 6%-ке азайған. Бірақ экологтар бұл ақпаратқа күмәнмен қарайды.

Дәулет Асанов, ШҚО Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры:

- Қалада жеке көлік, үйлердің эмиссиялары есепке алынып жатқан жоқ.  Сондықтан біз қаладағы эмиссияның жалпы санын білмейміз. Тек жеке эксперттер шамалап айтады. Нақты деректер жоқ. Сондықтан азайып бара ма, жоқ па – біз нақты айта алмаймыз.

Батыс Қазақстан облысында мұнай газ компаниясы 164 млн теңге айыппұл төледі. Қарашығанақ кенішіндегі шикі газды жағу кезінде зиянды қалдықтар көлемі 48 тоннаға жеткен. Мекеме осы үшін қыркүйекте жауапқа тартылған. Алайда желтоқсан айындағы кезекті тексеріс кезінде тұрмыстық суда ластаушы заттар белгілі шектен асып кеткені анықталды.

Мұрат Ермекқалиев, БҚО Экология департаментінің басшысы:

- Тұрмыстық ағынды суларды төгу кезінде хлоридтердің нормативі бір тоннаға, тұздар аммониінің, сонымен қатар нитраттардың көлемі 0,43 тоннаға, хлоридтерден 230 тонна, сонымен қатар «сероводород» дейміз,  күкіртсутек 2 келіден асқан. Сол бойынша екінші айыппұл салдық 50 млн теңгеге. Былай сотта қарстырылып жатыр.

Қарағанды облысында ахуал тұрақталып келеді. Әсіресе бұрын ауаны көп ластайтын ірі комбинат қазір экологиялық мәселені реттей бастаған. «Qarmet» пен Балқаш мыс балқыту зауытының ауаға қалдығы өткен жылы 54 мың тоннаға азайыпты.

Дархан Есжанов, облыстық Экология департаментінің басшысы

- АрселорМиттал бұрынғы, оған өткен жылы бас-аяғы 103 млн теңге айыппұл салынды, сонымен қатар Қазақмыс бар, оғанда салынды, 6,3 млн айыппұл салынды. Басты мақсат – заңбұзушылықты анықтау мен жою.

Өткен жылы экологтар ел кәсіпорындарында 600-ден астам тексеру жүргізіп, 323 млрд теңге айыппұл салған. Экология министрлігінің мәліметінше, осы жылдың соңына дейін отандық 90 кәсіпорынға автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылады. Бұл эмиссияның қоршаған ортаға тигізер әсерін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар.