Кешегі студент – бүгінгі маман

Ал біздің елде 35 жасқа дейінгі 6 миллионға жуық жас бар.

Бұл халықтың шамамен үштен бірі. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр. Елімізде еңбекке қабілетті осы буынның білім алуына, жұмысқа орналасып, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар бар.

Айдана Оралханова жуырда ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «эколог» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір бойжеткен экология және табиғи ресурстар министрлігінде жұмыс істейді. Мұнда ол «жастар практикасы» бағдарламасы арқылы келіпті.

Айдана Оралханова, жас маман:

- Мінекей 4 жыл бойы оқыған мамандығым - эколгоия, экологпын. Жалақысы аз - 110 мың. Бірақ та мен бұл жаққа үлкен тәжірибе үшін келдім. Өйткені ол мен үшін құнды. Болашақта мен енді ойлаймын үлкен лауазымдарға ие болатын шығармын.

Айдана қазір тәжірибесіз жұмыс табу қиын дейді. Дегенмен, жұмыспен қамту орталығы үлкен қолдау көрсетіп, арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беріпті. Кешегі студент Артём Сабралиев та, бүгін өз ісінің маманы. Университетті «кадастр» мамандығы бойынша бітірген. Елордадағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияда жұмыс істейді.

Артём Сабралиев, жас маман:

- 4 жыл бойы оқыған мамандығым осы болғандықтан, дипломым құр қағаз болып қалғанын қаламадым. Университет бітірген бойда, жұмыспен қамту орталығына бардым. Сәтін салса, осында жұмысқа қаламын деген ниетім бар.

Былтыр бір жарым мыңнан астам астаналық жас мемлекеттен осындай қолдау көрген. Бүгінде оларға «Жастар практикасынан» бөлек, «Алғашқы жұмыс орны» дейтін бағдарлама да қолжетімді. Оған ешбір жұмыс өтілі жоқ түлектер мен жастар қатыса алады.

Олжас Омар, еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Бізде 3 мыңға жуық жұмыс орын бар. Ол 700 жұмыс берушілер. «Жастар практикасы» бойынша, «Алғашқы жұмыс орны» бойынша бізде жалақы - 110 мың теңге. Ол 30 АЕК. Бірақ бұдан басқа жұмыс берушілер де жалақы төлей алады жастарға осы бағдарлама бойынша.

Бүгінде бас шаһарда 440 мыңнан аса жас бар. Бұл қала тұрғындарының шамамен 32 пайызы. Сондықтан мемлекет оларға жұмысқа орналасуға ғана емес, өз ісін ашуға да жәрдемдесуде. Былтыр тек елорданың өзінде 500-ге жуық жас 2,5 пайызбен несие алып, кәсіпкер атанды.

Авторлары: Дана Әлиева, Руслан Алиев