Түркістан облысында өңірлік жас кадрлар пулы жасақталады

Ол үшін жоғары білімді, тәжірибелі және кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар талантты 15 жас іріктеледі.

Осы талаптаға сай келетін жасы 35-тен аспаған кез келген адам байқауға қатыса алады.

Заңгер Әсемгүл Мырзалы Түркістан облысының орталығында 5 жылдан бері қызмет атқарады. Жаңадан жасақталатын өңірлік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатысып, ел дамуына өз үлесін қоспақшы.

Әсемгүл Мырзалы, мемлекеттік қызметкер: 

- Осыған қатысуға ниеттіміз. Себебі осы арқылы біз өз білімізді, осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемізді енді ел үшін көрсете аламыз. Түркістан облысының дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Егерде өтіп жатсам жаңа жоабалрды қолға алып, соның бастамашысы болғым келеді.

Өңірде жастарды іріктеу 6 бағыт бойынша жүзеге асады.

Өркен Балажанов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы:

- Ол - энергетика, ауыл шаруашылығы, цифравизация сияқты бірқатар мамандықтарға басымдық беріп отыр. Ерік-жігері бар, елге қызмет етемін деген азаматтарды осы конкурсқа қатысуға шақырамын.

Аймақтық резервке іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Құжат қабылдаудан бастап, үміткердің құқықтық сауаты және жеке қасиеттері бағаланады. Арнайы құрылған комиссия сұқбат жүргізіп, қорытынды шешімді қабылдайды. Ал құжаттарды қабылдау 2024 жылғы 1 наурыздан басталып айдың аяғына дейін жалғасады. Үміткерлер тиісті құжаттарын сол аралықта арнайы сайтқа тапсырады.

Ермек Кенжеханұлы, облыс әкімінің орынбасары:

- Өңірлік кадрлық резервіне іріктелу - біріншіден мемлекеттік қызметке жұмыс істеуге жол ашатын бірден-бір жол деп есептеймін. Біздің өңірімізді дамытуға осындай талантты, білімді, тәжірибелі, жаңашыл азаматтар бізге қажет.

Өңірлерде жас кадрлар пулын қалыптастыру, жастардың қызметте өз қабілетімен өсуіне жол ашады. Жалпы Түркістан облысында жастарды қолдау бағытында бірнеше жоба іске асырылды. Олар «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Келісімшарт» жобасы. Одан бөлек, былтырдан бастап, өз кәсібін ашқысы келетін жастарға шағын несие беріледі. 

Динара Бегалықызы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы 2023 жылдың қорытындысымен біз 48 мыңнан астам жасты жұмыспен қамту шараларына жолдадық. Бұл жастардың бірден-бір табысын арттыруға, жас кәсіпкер ретінде жұмыс орындарын ашу мүмкіндігін береді. 35 жасқа толмаған жастарға 5 млн теңгеге дейін шағын несие береді. Өткен жылы 625 жасқа 3 млрд теңгеге дейін шағын несие берілді.

Биыл облыста 111 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отырса, соның 50 мыңы, яғни 45 пайызы жастар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш