Павлодарда екі балаға мерзімі өткен вакцина егілген

Қала емханаларының біріне қолдану мерзімі аяқталған «Пентаксим» препаратының 135 дозасы беріліпті.

Қалада бірнеше медициналық мекеме мамандары вакцина егу талабын өрескел бұзған. Бұл туралы прокурорлар мәлімдеді. Емханаларды тексерген құзырлы орган құны 21 миллион теңгеден асатын 10 мыңға жуық вакцинаның жарамсыз екенін анықтады.

Соған қарамастан, денсаулық сақтау басқармасына қарасты орталықтандырылған қойманың мамандары мерзімі өткен препараттарды медициналық мекемелерге жіберген. Аталған дерекке қатысты кінәлілер жауапкершілікке тартылды.

Асхат Әтікеев, облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры:

- Санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен кінәлі адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданды. Одан кейінгі мәселелер әзірге ашық күйінде қалып отыр. Тексерулер толық аяқталғаннан кейін түпкілікті шешім шығарылады.