Қостанай облысында балықтарды аман алып қалудың амалы жасалып жатыр

Қостанай облысында өзен-көлдердегі балықтардың жаппай қырылу қаупі бар, деп хабарлайды 24KZ.

Оған жол бермеу үшін су айдындарында ойық ойып, оттегімен қанықтыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – желбезектілерді аман алып қалудың бірден-бір амалы. Бірақ оның нәтижесіне күмәнмен қарайтындар да  бар.

Торғайдағы «Ақкөл» айдыны балыққа бай. Аумағы 60 шақырымды құрайтын су әлемінде шортан, сазан, табан, алабұға сияқты желбезектілердің 10 шақты түрі мекен етеді. Бірақ соңғы 5-6 жылда дұрыс су түспегендіктен, «Ақкөл» тартылып, таяздана бастаған. Сондықтан мұз қалың қатқанда астындағы тіршілік иелеріне оттегі жетпей жатады. 2018 жылы осы көлді жалға алған Жүнісбек Бөрібаев мұндай жағдайда тек ойық оюмен шектелу аздық етеді, -дейді. 

Жүнісбек Бөрібаев, табиғат пайдаланушы:

- Енді анау ойық ойдырады. Мынандай сорғымен су айдайды. Енді ондайды көрдік. Нақты келген кезде балықтардың қырылуына оның көмегі аздау болады. Мысалы, фонтан қояды, оның әртүрлі тәсілдері бар. Негізі мен ойлаймын, егер балықтардың қырылу қаупі болса, балықты аулату керек.

Қостанай облысының аумағында үлкенді, кішілі 8 мыңнан астам өзен-көлдер бар. Соның 384-і – балық шараушылығына жататын жергілікті маңызға ие су айдыны. Осылардың басым бөлігіне 10 шақты жылдан бері дұрыс су түскен жоқ. Таяз болғандықтан, мұз астындағы бос кеңістік балықтарға тарлық етеді. Биыл мұз қалыңдығы 1,5-2 метрге дейін жеткен жерлер бар екен.

Серік Бейсембаев, Тобыл-Торғай облысаралық бассейіндік инспекция басшысы:

- Өзен-көл суын оттегімен қанықтыруды қаңтар айындан бастадық. Ол сәуірге дейін жалғасады. Бұл шараға қоғамдық ұйым, жергілікті атқарушы орган өкілдерін, эколог, су шаруашылығы мамандарын тартып отырмыз. 

Арнайы топ су құрамын зерттей келе, оны оттегімен байытудың түрлі тәсілдерін қолданады. Ойық ойып, қамыс баулар орнатады. Қажет болса, компрессор, аэратор сияқты қондырғыларды қолданады.

Владимир Попов, Ғылыми-өндірістік орталығының солтүстік филиалының өкілі:

- Мұз үстіндегі қалың қар сәуле өткізбейді. Соның салдарынан оттегі өндіретін суасты өсімдіктері өсіп өнбейді. Олардың шіріп, бұзылуынан метан, күкіртсутегі бөлінеді. Мұндай газдардың көп бөлінуі балықтардың қырылуына әкеліп соғады.

Бүгінгі күні өңірдегі 245 су айдыны жекеге жалға берілген. Міне ондағы балық қорын қыстан аман алып шығу – табиғат пайдаланаушылардың міндеті.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.