Елде сүрбойдақ пен кәрі қыз көбейген

Орда бұзар отызға жетсе де, отбасын құруға асықпайтын жігіттер көп.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

«Шашымның санап әр ағын, отыздан асып барамын», - дейді бойдақтар. Таңдапты, талдапты, кейін уақыт өтіп кеткенін байқамай, қолды ауаға қармапты. Ананың көзі ұнамай, мынаның өзі ұнамай, бойдақ көбейді, неге олай? Сөзін тыңдап, себебін сұрап көрдік. Базынасына құлақ түрдік.

Блиц:

- Жағдай істеп алу керек. Үй алу керек деген сияқты ғой.  Оған дейін үйленбейміз енді.

- Мансап жолын қуып, соны құруымыз керек. Сосын үй болу керек.

- Өмір сүрудің өзі оңай емес, білмеймін.

Елдегі ерлер қауымының 40, бұрымдылардың 30 пайызы бойдақ. Олар шаш етектен шашылып той жасап, тұрмыстық өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көруге қорқады-мыс. Салт-жоралғылардың көбейгендігі де  көпшіліктің көңіліне қаяу салдған сыңайлы. Бітпейтін алыс-беріс материалдық дайындықты қажет етеді.

Бақтияр Оспанов, дін танушы, дүстүр танушы:

- Біздің қоғамды жарыс деген нәрсе құртып жатыр. Анадан қалмаймын, мынадан қалмаймын деген сияқты нәрселер. Ана өзбек ағайындар бай үленсе де, кедей үйленсе де, орташасы үйленсе де, олар сол бір қоймен-ақ атқарады. Бүтін тойды бір қазан палаумен немесе шорпамен атқарып жібереді. Сондай шығынсыз нәрселерді дәстүрге айналдырсақ.   

Елде сүрленген бойдақтар мен кәрі қыздар көбейген. Сәйкесінше, некеге тұру жағы да кемшін. Он жыл бұрын жылына 160 мыңнан аса отбасы шаңырақ көтерсе, қазір ол көрсеткіш 40 мыңға аз. Бойдақтардың дені Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрады.

Шынар Төрешова, демограф:

- Қоғамның сапасының, өмір сапасының артуы медицинада, жалпы әлеуметтік-экономикалық даму, өмір сапасының артуы, өзінің денсаулығына адамның, өзінің қара басына көбірек мән бере бастайды. Сол уақыттағы өмір сүру жасы ұзарады және адамдардың жанағы туу процесі дейміз, некеге тұру процесі бұлардың бәрі кешігеді.

Демограф, бір есептен адамның өмір сүру жасы ұзарған дейді. Бірақ, қайдам. Өйткені отбасындағы бала саны азайған. Ал бұрыңғының қазақтары Тұңғышбайы мен Тұңғышбикесін 15-16 жаста өмірге әкелетін. Қазір қазақстандықтар бірінші баласын 29 жасқа келіп жоспарлайды екен. Бүйте берсек, елдегі демографиялық өсім тұралауы мүмкін. Ал Алпысбай, Жетпісбайлар жоқтың қасы.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Бағдат Қайыркен