4 мыңға жуық адам ағза алмастыруға мұқтаж

Елімізде 4 мыңға жуық адам ағза алмастыру операциясын күтіп жүр.

Себебі ағза донорлығы тиісті деңгейге жетпеді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осылай деп мәлімдеді. Жаңа тағайындалған ведомство басшысы қызметіне кіріскелі бірінші осы мәселеге назар аударатынын айтты. Ағза донорлығын дамыту жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуі керектігін алға тартты. Себебі ол бұған дейін Сенат комитетінде трансплантология проблемаларын бірнеше мәрте көтерген. Сонымен қатар медициналық-санитарлық алғашқы көмекті күшейтуді қолға алмақ. Бұл бағыт неғұрлым күшті болса, аурушаңдық пен өлім-жітім азаяды, - дейді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жалпы Қазақстанда заң деңгейінде адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлық тәртібіне қатысты жұмыс реттелген. Дегенмен бұл салада жетілдіретін тұстары бар шығар, бірақ ол тек заңнамалық базаға байланысты емес. Бұл жерде халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі – өте үлкен мәселе. Атап айтқанда, осы саладағы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтаймыз.