Жамбыл облысында субсидия қаржысы жымқырылды

Жамбыл облысында «Меркі» тәжірибелік шаруашылығы» мекемесінің басшысы мен орынбасары 210 миллион теңгеге жуық субсидия қаржысын жымқырған.

Олар бұл әрекетін 2015 жылдан 2022 жылға дейін іске асырыпты. Яғни Жамбыл, Түркістан, Алматы облысының шаруаларына алма көшеттерін аз мөлшерде сатып, субсидия алар кезде бірнеше есе көбейтіп көрсеткен. Түрлі жеміс көшеттерін өсіретін мекеме Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынады. 70 жастағы директор тәжірибелік шаруашылықты 1998 жылдан бері басқарып келген. 

Ақберген Мүлкіманов, облыс прокуратурасының басқарма басшысы:

- Сотпен бір күдіктіге қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берілсе, екіншісіне қатысты үй қамақ бұлтартпау шарасы қолданылды. Күдік келтірген 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы. Яғни оның санкциясы бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру, сонымен қатар қосымша жаза өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыру көзделген.