Арал ауданының тұсында жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетілді

Қызылорда облысының Арал ауданының тұсында Ақтөбеге бағыт алған 807 көлік жол бойында тұрып қалды.

Ауа райының құбылуына байланысты Арал қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта көлік қозғалысына шектеу қойылды. Осыған байланысты діттеген жеріне жете алмай жол азабын тартқандарға Арал ауданының тұрғындары көмек көрсетті. Халықаралық дәліз бойындағы сервистік кешендер маңынан бірнеше қазан ыстық тамақ әзірленіп, таратылған. Қазір Ақтөбе облысына бағыт алған 1000-ға жуық жолаушы бар. Ауданда арнайы штаб құрылған. Бұдан бөлек баласы бар 49 әйел мен 16 ер адам колледж жатақханасына орналастырылды.

Нұртай Тасқынбаев, Арал аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ бастығы:

- Ағымдағы жылдың 8-ші ақпанынан бастап Самара-Шымкент тас жолының Ақтөбе бағыты жабық екенін хабарлаймын. Құрметті жүргізушілер жолдың жабық болуына байланысты түсіністік танытып, өздеріңіз сақ болып, жол ережесін қатаң сақтауларыңызды сұраймыз.