БҚО-да қызылшаға қарсы күрес қызу жүріп жатыр

Ал Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 200-ден аса адам қызылша жұқтырды.

Эпидемиологтардың айтуынша, соның 90 пайызы екпе алмағандар. Өңірдегі медицина мекемелерінде қазір тұрғындарды қосымша иммундау жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Нұргүл Аймағанбетова бастапқыда балаларына екпе жасатуға үзілді-кесілді қарсы болды. Мұндай шешім қабылдауына әлеуметтік желідегі түрлі жазбалар әсер еткен. Жақындарының ұл-қызы қызылша жұқтырған соң емханаға келуге мәжбүр болып отырған жайы бар.

Нұргүл Аймағанбетова, Орал қаласының тұрғыны:

- Түбегейлі қарсы болдым қайта алуға шыны керек. Бірақ енді өзімнің жақынымды көзіммен көрген соң аламын деп шештім екі балама да. Бірақ енді тексеріс өткізіп алып жатырмын. Тексеріс өткізгеннен кейін бәрі орынша деп отыр осы жаңа.

Облыс орталығындағы барлық емханаларда тұрғындарды қосымша иммундау жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 5 жасқа дейінгі 33 мың бала екпе алған. Дәрігерлер бұл аурудың асқынып кету қаупі бар екенін айтады.

Жанар Есенғалиева, №1 емхана директорының орынбасары:

- Екпе жасатудан бас тартудың қауіпті екенін тұрғындар біле жүргені жөн. Одан тыныс алу жолы аурулары асқынып, бұрынғы сырқаты болса, сол қайтадан қозады. Соның салдарынан кейде адамдар ажал құшып жатады.

«Бұл вирустық ауруға қарсы тұратын бірден бір емдік шара екпе жасату», - дейді мамандар. Жыл басынан бері өңірде 200-ден астам адам қызылша жұқтырса, соның 90 пайызы дер кезінде екпе алмағандар.

Нұрлыбек Мұстаев, БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Аурушаңдық Бөкей Орда мен Жәнібек ауданынан басқа барлық аумақтарда тіркелуде. Көп бөлігі осы облыс орталығында, Орал қаласында тіркелуде. Жас құрамына келетін болсақ, аурушаңдық бізде 74 пайызында осы 14 жасқа дейінгі балалардың арасында тіркелуде. Барлық ауырғандардың ішінде 183-і екпе алмағаны анықталып отыр.

Өңірде қызылшаға қарсы екпе жетіспеушілігі жоқ. Оның Үндістанда өндірілген түрі елімізде 10 жылдан бері қолданылып келеді. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. «Онда қазір 88 сырқат ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы орташа, бірқалыпты», – дейді дәрігерлер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Болат Жарылғасов