Оралдағы саяжайларды су басуы мүмкін

Оралда 30 бау-бақша серіктестігін су шайып кетуі мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаменті осылай деп дабыл қақты.

Құтқарушылар саяжай аумағын аралап, тұрғындарға су деңгейі көтерілген жағдайда эвакуацияға дайын болуды ескертті. Қазір бұл маңда 40 мыңға жуық адам тұрады.

Құтқарушылар күніне ондаған үйді аралап, тілсіз жаудың қаупін ескертіп жүр. Төтенше оқиға болған жағдайда әрекет ету жолдарын түсіндіреді. 

Есбол Сүндетов, қала тұрғыны:

- Ең қажет деген заттарымыз бен құжаттарымызды дорбаға түйіп, дайын отырмыз. Бұл қыстың соңы мен көктемнің басында жылда қайталанатын жағдай. Парақшалар таратып, ескертіп жатыр. 

Орал, Шаған, Деркөл өзендері алабында 80-ге жуық саяжай серіктестігі орналасқан. Ол жерде 40 мыңға тарта адам тұрады. Мамандар жүргізген талдау нәтижесінде 30 серіктестіктің қауіпті аймаққа жататыны анықталды.

Нұрәлі Мусиев, ТЖД Басқарма бастығы:

- Өткен екі жыл қатарынан су тасқыны болды. Биыл да қауіп бар. Былтыр саяжайдағы 8 үйді су шайып кетті. Бау-бақша серіктестігі өзен арнасына жақын орналасқан. Сондықтан араға жылдар салып осындай жағдайлар боп тұрады. Бұл табиғи құбылыс. 

Құтқарушылар тасқынның алдын алу жұмыстарын бастап кетті. Қазір өзендерде мұз жару, қамыстарды шабуға кіріскен. Су көтерілген жағдайда тұрғындарды көшіретін 27 орын жасақталды. Әзірге жағдай тұрақты. Мамандар тасқын қаупі наурыздың ортасында жоғарылайды деп болжап отыр.

Елдос Кәкенов, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев