Қарағанды облысында бір айда алаяқтық бойынша 200-ге жуық іс тіркелген

Қарағанды өңірінде бір айда алаяқтық бабы бойынша 200-ге жуық іс тіркелген.

Келген шығын көлемін миллиондап санауға болады. 

Бір өкініштісі, қарапайым халыққа қанша айтылса да, тұрғындар жалған банк қызметкері немесе «туысың қиын жағдайға тап болды, шұғыл көмек керек» дейтін өтірік сөздің жетегіне еріп, жиған-тергенін бере салады. Ал алаяқтық істі ашудың өзіндік қиындықтары бар дейді полицейлер. Мамандар енді профилактикалық жұмысты күшейтпек.

- Міне, тәте, қазір, міне, ақшаны шығарып жатырмыз деп 1 сағат байланыста отырды да содан бір сағаттан соң жоқ болып кетті.

Раушан сол күні көптің біріндей әлеуметтік желіні ақтарып отырып, «көп балалы аналарға көмектесіп, инвестиция құямыз» деген жарнамаға лүпіл басып өтеді. Араға аз уақыт салып сол парақшадағы алаяқтар messenger арқылы уәдені үйіп-төгіп алдымен 10 мың, одан кейін 15 мың, кейін ұтыс ұттың оның комиссиялық төлемі 400 мың теңге дейді.

Раушан, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Сізге қуанышты жаңалығым бар, құтты болсын,сізге 7 млн ақша шығып тұр деді. Менің аты-жөнімді жазған бір квитанцияларды жіберді. Соларды жіберген соң менің басым айналды ма кім біледі, жарайды деп сендім. Гос пошлина төлеңіз деді, оны мен кредит алып төледім.

Алданғанын білген Раушанның полицияға барып арыз жазудан өзге амалы қалмаған. Нәтижесінде киберпол қызметі аз уақытта Ұлытау облысына қарасты Жәйрем кентінің 21 жастағы азаматын ұстаған. Қылмыскердің басқа да істерге қатысы бар болып шықты. 

Айбол Төлебергенов, ПД киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

- Қылмыскердің тағы осындай 5 адамды алдағаны белгілі болды. Оның Қарағанды облысы көлемінде келтірген шығыны 1 млн теңге шамасында. Сондай-ақ ІІМ-не хаттама жолданып, оның өзге облыстағы тұрғындарды алдау  ісіне қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. 

Өткен жылы 2 мыңға жуық алаяқтық ісі тіркелген. Көбі әдеттегідей өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Қазір полицейлер мынандай көрнекі ақпаратты ел арасына шығарып жүр. Себебі қолды болған қаржыны іздегеннен гөрі алданбайтын жолды көрсеткен жөн. 

Мира Тастаған, Қарағанды қаласы ПБ әкімшілік полиция инспекторы:

- Автошерудің басты мақсаты халыққа жеткізу, интернет алаяқтықтың алдын алу және ақпараттандыру. Себебі соңғы уақытта халықтан шағым өте көп түсуде. Соның алдын алу мақсатында жүргізіп отырған іс-шарамыз. 

Аталған қылмыстың көп болғаны сонша қазір ПД-де «киберпол» деген арнайы бөлім ашылған. Онда ІТ саласын өте жақсы меңгерген мамандар жұмыс істейді. Осының арқасында былтыр 300-ге жуық қылмыстық іс ашылған. Полицейлер алаяқтық қылмыс жасағандар қаржының көлеміне қарай 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар