Шымкентте су арнасын жөндеуге бір млрд теңгеден астам ақша жұмсалады

Шымкентте су арнасын жөндеуге 1 млрд 179 млн теңге жұмсалады.

Қаржы жергілікті бюджеттен бөлінген. Енді диқандар егістікке канал суын да пайдаланады.

Қайрат: «Өткен ғасырда салынған арналар әбден ескіріп, кейбірі істен шыққан»,-дейді шаруалар. Бұған дейін күрделі жөндеуден өткен 7 каналдың біреуінің құрылысы бітпейтін жырға айналған. Ал диқандар " өнімсіз қаламыз ба?" деп алаңдап отыр.

Әбиболла Байсейтов Шымкенттің іргесіндегі "Жаңаталап" елді мекенінің тұрғыны. Өмір бойы диқаншылықпен айналысады. Алайда жаз мезгілінде ағын судан таршылық көретінін айтады. Себебі ауылды ағын сумен қамтып отырған жалғыз канал әбден ескірген. Соның салдарынан су егіс алқаптарына толық жетпейді. Ал жауаптылар канал бойлап жаңа астау қойып беруге уәде берген. Бірақ ол да бітпей тұрған көрінеді.

Әбибулла Байсейтов, Жаңаталап елді мекенінің тұрғыны:

- Бұрынғы ескі лоток кішкентай болатын. Жаңа талап елдімекеніне су толық жетпеді. Каналдың бұзылған жері көп болғандықтан ары жақтан су бұрып алатын. енді мына жаңа лотокты құрды, бірақ әлі бітпей тұр. Егер осы лотогымыз жақсы болса, халыққа тиімді болады. өнімді екі есе алар едік. Судың салдарынан биыл тағы кешігіп тұрған сияқты. халық не істерін білмей отыр қазір.

Қазір Жаңаталап елді мекенінде мыңнан астам отбасы өзгерісті күтіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласы жергілікті халықтың негізгі табыс көзі саналады. Бірақ соған қарамастан соңғы 40 жылда мұндағы су арналары мүлдем ауыстырылмапты. Тұрғындар шулағаннан кейін ғана қалпына келтіру туралы шешім қабылданған.

Мейрамбек Оразымбет, Жер қойнауын басқару және су бөлімінің басшысы:

- Каналдың жағдайы нашар, су өткізгіш қабілеті өте төмен болған. Қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргеннен кейін он есеге ұлғаяды. 1 млрд 179 млн теңге ақша бөлінген, қазіргі таңда 1 млрд 50 млн теңгесі игерілді. Қалған соммасы қабылдау актісі жүргізілігеннен кейін төленетін болады. 

Су арнасының 14 шақырымы жөнделуі керек. Жергілікті тұрғындар нысан құрылысы уақытында аяқталады деп үміттенеді. Себебі ауылда бұдан өзге су арнасы жоқ. Жалпы Шымкентте 34 канал бар. Олардың барлығы өткен ғасырда салынғандықтан тозығы жеткен. Ал күрделі жөндеуден өткен 7 каналдың біреуінің құрылысы аяқталмапты. Себебі суға жауаптылар құрылыс сапасына қатысты мердігерді сотқа берген. Ал мамандар су үнемдеу қондырғыларын пайдаланбайынша, жөндеу жұмыстары су шығынын азайтуға көмектеспейтінін айтады.

Анатолий Рябцев, халықаралық зерттеу орталығының директоры:

- Егер біз жүйені ретке келтіріп, су үнемдейтін технологияға қол жеткізсек, қазіргі қолда бар су көлемі қажетті жерді суғаруға жетеді. Сондай-ақ 1 млн гектардан аса жерді қосымша сумен қамтамасыз ете аламыз. Біздің есебіміз бойынша тіпті 3 млн гектардай алқапты суғаруға болады.

Мамандар ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізгенде ғана еңбек өнімділігін арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға болатынын айтады. Сонда ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтып, экспортқа шығаруға мүмкіндік туады дейді.

Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов