БҚО-да он үш елді мекен жарықсыз отыр

Батыс Қазақстан облысында 13 елді мекенде мыңға жуық абонент әлі жарықсыз отыр.

Жергілікті биліктің мәліметінше үш күннен бері апаттық құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Сырым, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарында жағдай қиын. Бораннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына электрмен қамту компаниясының 150 қызметкері мен 40-тан астам арнайы техника жұмылдырылды. Естеріңізге сала кетейік, ақтүтек боран салдарынан 5 аудан, Ақсай және Орал тұрғындары электр энергиясыз қалған болатын.

Асқар Гайсин,  жарықпен қамту компаниясының бас инженері:

- Жөндеу бригадасы екі күн бұрын шыққан. Федоровка-Ақсай электр желісі бойында қардың қалыңдығынан көліктер жүре алмай тұр. Сырым ауданында да дәл осындай жағдай. Қозғалыс тым баяу. Әлі апат орын алған аумаққа жеткен жоқпыз. Дегенмен, кешке дейін түгел облысқа жарық береміз деген ойдамыз.