Ақтөбе облысында қар құрсауында қалғандар құтқарылып жатыр

Соңғы тәулікте Ақтөбе облысында автожолдардың 5 учаскесі жабылды, деп хабарлайды 24KZ.

Қар құрсауында қалған 161 адам құтқарылып, 650-ден астам тұрғын қауіпсіз жерге жеткізілді. Олардың арасында 17 бала мен 7 жүкті әйел бар. Өңірде авариялық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Құтқарушылар күн-түн демей кезекшілігін атқарып жүр. Ақтүтек боранда далада қалғандар мен шұғыл көмек қажет еткен науқастарға өз ісіне адал жандар қол ұшын беріп жатыр.

Жүрегі қысылған жанға Хромтау қаласының фельдшерлері бір сағатқа жуық жүріп барған. Қалың қардан көлік өте алмаған соң жаяу шыққан. Антына адал дәрігерлерге Денсаулық сақтау министрі алғыс білдірді. Бет қаратпайтын ақтүтек боранда Мұғалжар ауданының құтқарушылары да ерлік көрсетті. Халі мүшкіл науқасты ауруханаға жеткізу үшін құтқарушылар 18 шақырым жаяу жүрген. Қарға адым жер көрінбеген соң, арнайы көліктің алдына түсіп, жол көрсетуге тура келген.

Қар құрсауында қалған жолаушыларды полицейлер мен әскерилер де құтқарып жүр. Қозғалысты реттеп қана қоймай, бұзылып қалған көліктерді сүйреп, жүргізушілерді қауіпсіз жерге жеткізіп жатыр.

Еркін Өтеген, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- ҚазАвтоЖол мекемесімен бірге 70-тен астам машинаны құтқардық. 100-ден астам азамат эвакуацияланды. Олар жылыту орындарына апарылып, ыстық тамақтарын беріп, т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр. Волонтерлер көмектесіп жатыр, әкімішілік көмектесіп жатыр. Барлық мекемелер көмектесіп, осындай жұмыстар жасалып жатыр енді. Кішкене сабыр сақтауға шақырамын азаматтарды.

Күннің ашылып, жолдың тазарғанын күткен бір топ жолаушы Бекқұлбаба ауылындағы орта мектепке жайғастырылды. Кешелі бері білім ордасының ғимаратында 120 адам ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Темірұлан Сезбекұлы, жолаушы:

- Кешегі күні машинада түнеп қалғанбыз. Бүгін мына жерге келіп, бауырларымыз кішкене шай-пай беріп, осы жерде жүрміз. Жігіттер «жүріңіз» деп алып келіп. Рақмет.

Мұхитдин Пазылкаримов, жолаушы:

- Жол бойында құтқарып жүрген қызметкерлерге алғысым шексіз. Қазан қаласынан шыққан едік. Екі күннен бері жолда тұрмыз. Мынадай жылы орын ұйымдастырған азаматтарға рақмет айтамын.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Дәл қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» бағытындағы автомобиль жолында қозғалысқа шектеу бар. Сондықтан мұнда мыңдаған көлік иіріліп тұр. Жол бойында қалған жолаушылар мен жүргізушілерге волонтерлер көмекке келген.

Белсенділер күндіз-түні ақтүтек боранмен алысқан жедел қызметтің қыз-жігіттеріне қолұшын беруді азаматтық борышымыз дейді. Жол бойында қалған жандарға Қарағанды тұрғындары да жұмыла көмекке келген. Полицейлер облыс орталығы мен Теміртау қаласы арасында қалған мың жарым көлікті қауіпсіз жерге жеткізді. Ас-су тасыған волонтерлер кезекшілік ұйымдастырған.

Дильназ Серікова, волонтёр:

- Жол бойында қалған адамдарға қолдау көрсету үшін ыстық шай мен тамақ жеткіздік. Балалар мен қариялар боран басылғанша Теміртау қаласындағы жатақханаға орналастырылды.

Ақмола облысында екі тәулікте 87 адам құтқарылды. Жел күшейіп, боран болғандықтан, республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың 54 учаскесіне блок бекеттер орнатылған болатын. Жедел қызметтердің жұмысын оңтайлы ұйымдастыруға арнайы штаб құрылды.

Еркін Берлібеков, облыстық ТЖД басшысы:

- Қазір жылыту бекеттеріне 52 адам орналастырылды. Оның төртеуі – бала. Жалпы облыс аумағында 268 жылыту бекеті құрылған. Алдағы күндері тағы боран соғып, жел күшейеді деген болжам бар.

Соңғы деректерге сүйенсек, тек Ақтөбе облысының өзінде 2,5 мыңға жуық көлік діттеген жеріне жете алмай, жол бойында тұр. Полицейлер мен құтқарушылар, дәрігерлер мен коммуналдық қызмет мамандарының жұмысы да қауырт.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.