БҚО-да боранда жолда қалған 70 адам құтқарылды

Батыс Қазақстан облысының жолдарында қар құрсауында қалған 70 адам құтқарылды, деп хабарлайды 24KZ.

Өңірде екі тәуліктен бері ақтүтек боран. Желдің жылдамдығы секундына 28 метрге жетті. Дауылды ескерту жарияланып, 16 жол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Күн райы бұзылған кезде құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеді.

Құтқарушы Шымболат Жаманқұлов 13 жылдың ішінде жүздеген адамға көмек берді. Кәсіби маман бұл жолы да бірнеше адамды құтқарып қалды.   Ақтүтек боранда Бәйтерек ауданының 4 малшысы адасып кеткен.   Құтқарушылар тәулік бойы іздеп, әрең тауып алды. Табиғаттың тосын мінезіне адам қарсы тұруға қауқарсыз, - дейді олар.

Шымболат Жаманқұлов, құтқарушы:

- Ең қиындығы, ауа райына байланысты боранды күндері жолды, қай бағытпен жүріп бара жатқанымызды көрмейміз. Алдымызда құтқарушы жүріп келе жатады, жаяу жол көрсетіп. Артынан жүреміз. Жол көрінген жағдайда құтқарушы қасымызға келіп отырады. Далада тұрып қалған көліктерге, қырлардағы бақташыларға барған кезде түрлерін көріп қуанасың. Тірі екенін, аман екенін. Оларды көлікке отырғызып, шай беріп, жылытып, үлкен жерге ауылға алып келеміз.

Өңірде 2 күн бойы боран соқты. Барлық жедел қызмет күшейтілген режімде жұмыс істеді. Тасжолдың 16 учаскесі жабық тұрды. Ескертуді ескермей, жолға шығып кеткендер қар құрсауында қалды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқарушылар 35 рет шақырту бойынша шыққан. Полициямен бірігіп, 70 адамды қауіпсіз жерге жеткізді.

Елена Арефина, БҚО ТЖД басқарма бастығы:

- Уақытша қабылдау бекетіне 3 адам жеткізілді. Оның екеуі – Қырғызстан азаматтары. Сондай-ақ Бөрлі ауданында аяғы ауыр 2 әйел құтқарылды. Құтқарушылар медициналық көмекке зәру 3 азаматтың емдеу мекемесіне жетуіне жәрдемдесті. Сонымен қатар Ақжайық, Сырым, Қазталов және Шыңғырлау аудандарының 7 тұрғыны қауіпсіз жерге шығарды.

Дамир Тілеубаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары:

- Соңғы күндері «Орал-Тасқала», Ақтөбе және Атырау облыстары бағытындағы автожолдан 50-ден астам жүк көлігі шығарылды. Ресей Федерациясының Саратов қаласына қарай жүретін жолды да қар басып тұр. Оның үстіне дүлей жел соғып, бірнеше техника қар құрсауында қалды.

Мамандар: «алдағы күндері де жолдарда тұман мен көктайғақ болуы мүмкін», - дейді. Сондықтан жолға шыққанда сақ болуды ескертеді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов.