Ақтөбелік мұғалім оқушыға көмекші қосымша ойлап тапты

Жобасы Алматы облысында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалінде» жеңіп шығып, білікті ғалымдардың жоғары бағасын алды.

Қосымшаны тәуліктің кез келген уақытында қолданып, виртуальды мұғалімге сұрақ қоюға болады.

Математика пәнінің мұғалімі, жас маман Жасұлан Қайдасов қосымшаны бір айда жасап шығарған. Қосымша әр пән бойынша берілген тапсырманы орындауға көмектеседі.

Жасұлан Қайдасов, математика пәнінің мұғалімі:

- Бұл мектептегі класс менеджментін қалыптастырудағы мұғалімнің виртуалды ассистенті. яғни, оқушылар 24/7 кез келген уақытта өзінің қалаған сұрақтарына жауапты автоматты түрде ала алады. Бұл ассистент мұғалімнің орнына толықтай жауап беріп, барлық мәселені шеше алады. Күнделікті өмірде шешуге болатын нәрселерді осы ботқа беріп, бот сонымен айналысады. Ал мен мұғалім ретінде алдыма қойған миссиямды орындауым керек деген мақсат болды.

Жасұлан сабақты қиындатпай, ойын-сауық түрінде өткізгенді жақсы көреді. «Ерекше әдіс қолдансаң, оқушылар тез қабылдап алады»,- дейді. Өзі жасаған қосымшаны 24 оқушы сынақ түрінде пайдаланып жүр. Оқу жылының соңына дейін оң нәтиже көрсетсе, облыс мектептеріне енгізуге болады. Ол үшін арнайы семинар өткізуге де дайын.

Салтанат Ахметова, мектеп директорының орынбасары:

- Бүгінгі таңдағы мектеп партасында отырған жас жеткіншектердің сұранысын қанағаттандыра алатын педагог болып тұр. Цифрлық сауаттылығы жоғары. Сабақтары өте балалардың белсенділігіне бағытталған. Оның сабағын да біз бақылап отырамыз. Қазіргі жаһан азаматының құндылықтарын дарыта отырып, өзіміздің ұлттық бірігейлігімізді сақтауға тырысады, ұлттық құндылықтарды да дарытуда.

Жас маман оқушыларға волонтерлік қызметтің қыр-сырын үйретіп, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға үлес қосып жүр. Жалпы, облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде өнертапқыш жас маман аз емес. Көбінің жобасы түрлі деңгейдегі байқауларда жеңіп шықты. Ал биылғы оқу жылында 400 ден астам жас мұғалім жұмысқа орналасты.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев