Қар барысы көбейіп келеді

Бірнеше мемлекет бірігіп, қар барысын қорғауды қолға алмақ, деп хабарлайды 24KZ.

Өзбекстанның Самарқан қаласында бас қосқан Орталық Азия экологтары әлемде сирек кездесетін аңды сақтап қалудың жаһандық бағдарламасын жүзеге асыратын болып келісті. Жиынға қазақстандық мамандар да қатысты.

Қазақстанда 190-ға жуық қар барысы тіршілік етеді. Мамандардың айтуынша, ілбістер саны жылына шамамен 5-6 басқа көбейіп келеді. Сирек кездесетін аң осыдан 46 жыл бұрын халықаралық қызыл кітапқа енген. Жануар санының баяу өсуіне оның қоршаған орта мен экожүйеге аса сезімталдығы себеп.

Алексей Грачев, ҚР Зоология институты Қар барысын бақылау орталығының басшысы:

- 1980 жылы еліміздің аумағын 200-ге жуық ілбіс мекен еткені анықталды. Сол кезеңде қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді. 1990 жылдардан бастап олардың саны айтарлықтай азайды. Кейінгі уақытта ілбістерге арналған экожүйені жақсарту арқасында біршама көбейді. Соңғы 3-5 жылдағы қар барысының орташа жылдық өсімі – 5-6 бас.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан қар барысының қалыпты тіршілік етуі үшін елімізде 15 аумақ белгіленген. Ұлттық табиғи парктер мен қорықтарда фототұзақ арқылы мониторинг жүргізіледі. Соның нәтижесінде ілбістердің миграциясы, мекен ету дағдысы және бейімделу ерекшеліктері зерделеніп отырады.

Айман Омарбекова, БҰҰ даму бағдарламасының жануарлар дүниесін басқару жөніндегі сарапшысы:

- Отырыста мысық тұқымдас аңдар көптеп мекен ететін елдерге туристердің қызығушылығы артып келе жатқаны айтылды. Бұл тізімге біз жолбарыс, қар барысы және сілеусінді қосамыз. Сондықтан Қазақстанда аталған жануарлардың санын көбейту арқылы ерекше қорғауға алынған аумақтарға саяхатшыларды тартуға мүмкіндік аламыз.

Жалпы әлемде 6 мыңға тарта қар барысы қалған. Таулы аймақты мекендейтін жануар тек 12 мемлекетте кездеседі. Олардың ішіне іргедегі Өзбекстан мен Қырғызстан да кіреді. Қазір Орталық Азия экологтарын жаһандық жылыну мен мұздықтардың еруі алаңдатып отыр.

Абдурашид Садиков, Өзбекстан Экология, қоршаған орта және климаттық өзгеріс министрлігінің басқарма басшысы:

- Өзбекстанда қар қабыланы 120-дан асты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен аймағымызда оларға арналған экожүйе тарылып барады. Барыс мекендейтін елдердің экология министрлері мен халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері бірлесіп, қар барысын қорғау бойынша қарар қабылдады. Тағы бір дерек, Қырғызстан қар барысын негізгі символға айналдырып үлгерді. Біз де Самарқанда жануарды ерекше қадір тұтамыз. Ол қаламыздың рәмізінде белгіленген.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Айта кетейік, бұл күндері Самарқанда үнемі қоныс аударатын жабайы жануар түрлерін сақтау конвенциясының кезекті отырысы өтіп жатыр. Шара аясында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Африка мен Еуразия құрлығында мекен ететін жыртқыш құстарды сақтау жөніндегі халықаралық меморандумға қосылды. Аталған құжат құстардың тіршілік ету ортасын сақтау, оларға қолайлы экожүйе құруға бағытталған.

Авторы: Рауан Мыңбаев.