Полицейлер 4 есірткі зертханасын жойды

Өткен аптада елде «Тосқауыл» операциясы жүргізіліп, полицейлер 4 есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды 24KZ.

Мәселен, Алматыда синтетика өндіретін лаборатория таратылып, 13 келі мефедрон тәркіленді. Дәл осы шаһарда Mercedes автокөлігі тоқтатылып, ішінен 4 келіге жуық синтетикалық препарат табылды. Ал Атырау облысы мен Шымкентте есірткі курьерлері ұсталды. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 8,5 келі марихуана сақтағаны анықталды. Одан бөлек, қызметтік-іздестіру иттері арқылы 33 есірткі қылмысы ашылды. Қару-жарақты заңсыз сақтаудың 31 фактісі анықталды.

Жалпы операция барысында 258 құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 144 келі жуық түрлі есірткі, оның ішінде 30 келі синтетика, 110 келі марихуана, 3 келі гашиш және 800 грамм трамадол тәркіленді.