Оралда тозған кәріз жүйелері жаңғыртылады

Оралда орталық коллектор істен шығып, 60 мың адам сусыз қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір жөндеу жұмыстары аяқталды. Бірақ төтенше жағдай тағы да қайталануы мүмкін, - дейді мамандар. Себебі қаланың кәріз жүйелері 60%-ке тозған. Бұл мәселе қашан шешіледі?

Оралдықтар үшін судың болмауы – қалыпты жағдай. Оған тұрғындар да үйреніп алған.

Қала көшелерінің бірінде кәріз коллекторы бұзылып, 60 мың адам сусыз қалды. Қазір жөндеу бригадасы ақауды қалпына келтірді. Олардың айтуынша, жарты ғасыр бұрын салынған құбыр әбден тозған.

Әнуар Аркенов, коммуналдық кәсіпорынның директоры:

- Жөндеу жұмыстарының созылып кетуіне жақын маңдағы халыққа қызмет көрсету орталығы кедергі келтірді. Олармен жерасты сымдарын анықтап алдық. Ал коллектордың өзі тым ескі. Сондықтан жиі бұзылады.

Оралдағы кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы – 377 шақырым. Оның 60%-і тозған. Осыған байланысты былтыр екі коллекторда күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Енді тағы үшеуін жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. 

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

- Қазір қаладағы 1-інші, 18-інші және 29-ыншы кәріз-сорғы станцияларын жаңарту керек. Олардың құжаттары дайын. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өтініш жолданды. Енді қаржының бөлінуін күтіп отырмыз.

3 кәріз-сорғы станциясын күрделі жөндеу үшін 10 млрд теңге керек. Бұдан бөлек жергілікті билік су құбырларын ауыстыру жұмыстарына 600 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Ербол Мендіғалиев, Эльдар Аюпов.