Ақтөбе облысының 2 ауданында төтенше жағдай режимі сақталып отыр

Боранды күндері көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созғандардың еңбегі елеусіз қалмады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оларға шын жүректен алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Еңбегі ерен бір топ азамат мемлекеттік наградаға ұсынылды. Табиғаттың тосын мінез танытуынан жағдай қиындаған кезде құтқарушылар, дәрігерлер, полиция және атқарушы орган қызметкерлері күні-түні еңбек еткені белгілі. Тек Ақтөбе облысы бойынша жүздеген адам қар құрсауында қалған жолаушыларға көмек берді. Қазір өңірде ауа райы тұрақталғанымен, әлі де екі ауданда төтенше жағдай режимі сақталып отыр. 

Бауыржан Құдияров – боранды күнде екі әріптесімен бірге омбы қар кешіп, медициналық көмек күткен науқасқа асыққан дәрігер. 18 жылдық еңбек жолында Хромтаудың қатал қысына әбден үйренген. Өзінің айтуынша, ауыл арасында көлік жүре алмағандықтан, жаяу барудан басқа амал қалмаған. Себебі жедел жәрдем шақыртқан тұрғынның жүрегі ауырған.

Қазір қалың қарды белден кешіп, қызметіне адалдық танытқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтушылар көп.

Бауыржан Құдияров, жедел жәрдем қызметінің фельдшері:

- Енді ол жақта уақыт қой. Біздер видеомен диспетчерімізге жібердік. «Қараңыздар, мына жақта жол мынадай болып жатыр, біз сөйтіп бара жатырмыз» десек, ол алған да желіге жіберген ғой. Сөйтіп, ойда жоқта жұлдыз болып кеттік. Жұмыста сол ауа райына үйренгеннен кейін бе, қандай не болса да, әйтеуір ештеңеге қарамай, науқастың жағдайын көруге, біз көзіміз жеткенше жеткізуге тырысамыз.

Ұйытқып соққан боранды күндері төтенше жағдай, полиция және әскери бөлімдерден 300-ден астам қызметкер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Жағдай күрделене түскен ақпанның 7 мен 10 аралығында 161 адамды қар құрсауынан алып шыққан. Олардың арасында 17 бала мен жүкті әйелдер және шетел азаматтары бар.

Әлішер Сарбаев, облыстық ТЖД бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта облыстың жылыту пункттерінде 210 адам, оның ішінде 19 бала бар. Жылыту пункттерінде адамдар азық-түлікпен қамтамасыз етілген.

Қазір жолдардағы жағдай тұрақталған. Өңір бойынша барлық бағытқа жол ашық. Дегенмен «Самара-Шымкент» дәзінінің бойында әлі де мыңға жуық көлік тұр. Барлығы да боранды күндерде тұрған.

Марден Утенов, «QazAvtoJol» ҰК АҚ АОФ бөлім басшысының м.а.:

- Ақтөбеден Хромтау бағытына шыға берісте жиналған 900-ге жуық көлік түрлері бар. Олар – әртүрлі себептермен кемпингте орналасқандар. Көліктерінен ақаулықтар шығып, сол себептен тұрған көліктер бар. Қазір олардың саны азайып жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Жалпы алғанда, қазір өңірде ақтүтек бораннан кейін жағдай тұрақтала бастады. Алайда екі бірдей ауданда жарияланған табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр. Атап айтқанда, Әйтеке би мен Хромтау өлкерлерін қоса алғанда 4 мектептегі спорт залының шатыры ұшқан. Сондай-ақ екі білім ұясының сайдинг материалынан салынған қаптамасы күшті желдің кесірінен ашылып кеткен. Қазір екі ауданда да арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Нақты келтірілген шығын көлемі кейін анықталады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.