Атырауда үйлерді су басты. LIVE

Атыраулықтарды табиғи апат әбігерге салды.

Ауа райының күрт жылынуынан қала іргесіндегі Жұлдыз, Мирас, Балауса ықшамаудандарын еріген қар мен жаңбыр суы басып қалды. 

Біз қазір су басқан Мирас ықшамауданында тұрмыз. Мұндағы үйлер жерасты және жаңбыр суына толған. Өткен аптаның аяғында қалаға қалың қар жауды. Енді ол ерісе, жағдай тіпті қиындайын деп тұр. Тұрғындар ауласындағы, үйдің ішіндегі суды сорғызғанымен еш пайда жоқ. 

Бұған дейін Жұлдыз ықшамауданында жерасты суы көтеріліп, тұрғын үйлердің ауласы суға толған еді. Жергілікті билік Жұлдыз ықшамауданында төтенше жағдай жариялап, суды игловакуум жүйесі арқылы соруды қолға алған. Енді мына Мирас, Балауса ықшамауданының тұрғындары да төтенше жағдай жариялап, дереу шара қолдануды сұрап отыр. 

Су соратын техниканың аздығы да қолбайлау болып отыр. Қолда бары үлгермейді. Тұрғындар арнайы техника шақыртып ақшасына сорғызады. Бірақ пайда жоқ. Су соратын техникалар да әр келгеніне 12 мың теңге алып отыр. Қолында қаражаты жоқ тұрғындардың жағдайы қиын.