Ақтаудағы су тұшытатын зауыт қуаты екі есеге артады

Ақтауда су тұшытатын зауыт қуаты биыл көктемде екі есеге артады.

Кәсіпорын енді тәулігіне 40 мың текше метр тіршілік нәрін өндірмек. Президент тапсырмасына сәйкес, зауытты жаңғырту кестеге сай жүріп жатыр. Катар, АҚШ, Үндістан тағы басқа мемлекеттерден қондырғылар, қосалқы бөлшектер жеткізілді. Оларды құрастыру жұмыстары аяқталуға жақын.

Зауыт Каспийдің суын кері осмос тәсілімен бірнеше кезең сүзгілеп, тәулігіне 20 мың текше метр су өндіреді. Тіршілік нәрі Мұнайлы, Қарақия аудандарына, сондай-ақ Ақтаудың өндірістік аймағына құбырмен беріледі. Былтырдан бері кәсіпорынға шетелден қосалқы бөлшектер жеткізіліп жатыр. Осы мақсатта үкімет резервінен бөлінген қаражат толық игерілді. Зауытқа технологиялық жабдықтардың денін катарлық компания әкелген.

Нұрлыбай Аққұлов, зауыт директоры:

- Негізгі мердігер қазақстандық мекеме. Бірақ технологиялық жабдықтарды әлемнен жинап, осында тиянақтап әкеліп жеткізу осы компанияға тапсырылған. Қазіргі таңда осы зауытқа жеткізілетін тиісті технологиялық жабдықтардың 90 пайыздайы зауытқа келді. Осы ақпан айының аяғына дейін жүз пайызға жеткізу жоспарланып тұр. Қазір көп нәрсе жолда. Кестемізге сәйкес келіп жатыр.

Кәсіпорынға тазарту қондырғыларының мембраналары, жоғары қысыммен жұмыс жасайтын қораптар мен сорғылар келіп тұр. Оларды монтаждау көктемде аяқталуы тиіс. Айта кету керек, 2023 жылы Маңғыстау өңірі мен Катар арасында туристік байланыс орнады. Енді қазақстандық туристердің Доха қаласында қолжетімді бағада бір апта демалуына мүмкіндік бар.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Былтыр қараша айында Ақтаудан Катар астанасы Доха қаласына тікелей әуе рейсі ашылды. Чартерлік ұшақ аптасына бір рет, әр сенбі сайын Ақтау халықаралық әуежайынан ұшады. Әуе билеттерін туроператорлар арқылы пакеттік тур шеңберінде сатып алуға болады.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев