Шымкентте 48 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр

Қауіпті ғимараттардың көбі әл-Фараби мен Еңбекші аудандарында, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандар мұндай үйлерде тұру қауіпті деп шешім шығарған. Тұрғын үйді жаңарту бағдарламасымен бұл проблеманы шешу жоспары болған.

Алайда құрылысқа ақша салатын инвесторлар кедергіге тап болады. Ескі үйлердің бірі «қызыл сызықтың» үстінде орналасқан. Яғни жаңасын салуға заңмен тыйым салынған. Енді тұрғындардың жағдайы не болмақ?

Елшібек батыр көшесінде орналасқан мына үйлер өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған. Көбінің шатыры тесіліп, баспалдақтары шіріп кеткен. Қабырғалары қақырап тұр. Дегенмен мұнда адамдар тұрады. Олар тұрғын үйді жаңарту бағдарламасына үміт артып, инвесторды да өздері тауыпты.

Любовь Никитина, қала тұрғыны:

- Біз жаңа үй салынады деп артық заттың бәрін қорапқа салып, гаражға шығарып қойған едік. Үйді салатын компания қаржысын бәрін есептеп, шығарып қойған еді. Алайда бір күнде «үйлеріңіз қызыл сызықтың үстінде тұр екен. Орнына жаңа үй салуға болмайды» деген хабар келді. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Қайда барамыз, не істейміз?

Әкімдіктегілер де бұл үйлердің қызыл сызықтың үстінде орналасқанын растады. Құрылыс ережесі бойынша оны бұзып, орнына көпқабатты тұрғын үй салуға болмайды. Ол заңға қайшы, - дейді. 

Арман Әбдешов, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

- 2012 жылдан бері ол көшеде қызыл сызық бар. Аталған екі 8 пәтерлі үйлерден тұрады. Жер учаскесі де соған шақталып бөлінген. Оның іргелес аумағына жапсырылып, жекеменшік үйлер тұрғызылып кеткен. Жерлер беріліп кеткен. Сондықтан жаңа 9 қабатты тұрғын үйді ол жерге салу үшін жер көлемі жетіспейді. Біз инвесторға ұсыныс жасадық, қасындағы жеке тұрғын үйлерді сатып алып, бұзып жердің көлемін кеңейтейік, соған біз саған рұқсат берейік деп.

Әзірге мұндағы тозығы жеткен екі үй ғана жаңа құрылыс салу талаптарына сай болып шықты. Ол үйлердің тұрғындары құрылыс аяқталғанға дейін инвестор есебінен уақытша жалдамалы пәтерлерге көшірілді. Құрылыс біткен соң тұрғындар жаңа үйден пәтер алады. 

Бауыржан Құлжанов, инвестор:

- Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы ескі үйлердің 90%-і қызыл сызықта орналасқан. Су құбырлары өте ескі. Газдың, жарықтың да күші жетпейді. Сондай қиындықтар туып жатыр. Қаланың ішіндегі ескі үйлердің орнына жаңасын салу үшін жанында жер жетіспейді. 

Қызыл сызықтың үстінде орналасқан ескі үйлердің тұрғыны қайда қоныстанады? Бұл сұрақ әзірге басы ашық күйінде қалып отыр. Себебі баспана жыры әлі біраз жылға созылатындықтан көбісі көшкісі келмейді.

Ал Елшібек батыр көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары жаңарту бағдарламасына қатысу үшін прокуратураға арыз әзірлеп жатыр.

Авторы: Жандос Жұмабеков.