Астанадағы Көктал шағынауданында жаңа өрт сөндіру бөлімшесі ашылды

Бүгін Астанадағы Көктал шағынауданында жаңа өрт сөндіру бөлімшесі ашылды.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бұл үрдістің ары қарай жалғасатынын айтты. Үркер, Телман, Интернациональный елді мекендерінде және 28-ші көшеде жаңа өрт сөндіру бөлімшелерін ашу жоспары бар екенін айтты.

Су жаңа бұл бөлімшенің құрылысына екі жыл кеткен. Жергілікті бюджеттен 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінген. Аумағы 2 гектар бөлімше екі қабатты ғимараттан және елордалық гарнизон қызметкерлері үшін 18 қызметтік пәтерге арналған жатақханадан тұрады. Негізгі және арнайы мақсаттағы 8 бірлік техникасы бар.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Бұл өрт сөндіру бөлімі халықты қорғауды қамтамасыз етудің жаңа әдістері мен тәсілдерін қолданатын үлгілі бөлімше болмақ. Біздің өрт сөндірушілер де алдына қойған өз міндеттерін намысқа тырысып, абыроймен атқаратынына сенімдімін. Осы құрылысқа мемлекет тарапынан мол қаражат бөлініп, жеке құрамға ыңғайлы жағдай жасалды. Сондықтан аталған іске мұқият және үлкен жауапкершілікпен қарау – жеке құрамның міндеті. Оның сұрауы басшылардан болады.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі құтқарушылардың жұмысына толағай табыс тілеп, баспаналы болуымен құттықтады. Солардың бірі - Наурызбаевтар отбасы. Үйдің отағасы Ерік Наурызбаев пен жұбайы Ақмарал Наурызбаева осы салада 20 жыл еңбек етіп келеді.

Ерік Наурызбаев, бөлімше командирі:

- Әр адамның үй алғаны қуаныш қой. Өзінің бір жеке баспанасы, өзінің бір жеке бұрышы дегендей. Сол қуаныштымыз. Барлық бала-шағамызбен қуанып, осындай жағдайға жетіп жатырмыз. Осы жұмысқа келгелі  кадр бөліміне кезекке тұрдық. Содан осы кезекпен ақырын-ақырын жылжып, бүгін, міне, үй алып жатқан жайымыз бар. Барлық басшылық құрамға рақмет айтамыз.

«Енді 55 мыңға жуық тұрғыны бар «Көктал-1» және «Көктал-2» -нің қауіпсіздігін осы жаңа бөлімшенің 66 қызметкері қамтамасыз етеді. Ал Астана қаласы бойынша 1700 штаттық орын бар. Тағы 116-сы бос тұр. Бұл саладағы маман тапшылығының қаншалықты өзекті екенін аңғартады», - дейді азаматтық қорғау подполковнигі Назарали Гаджимагомедұлы.

Назарали Селимов, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығы:

- 2023 жылы біздің өрт сөндірушілердің айлықтары 70 пайызға көтерілді. Сол айлықтары көтерілгеннен кейін бізге қызметке көп кандидаттар келе бастады. Мысалы 2022 жылдың соңында 230 ваканттық орын болды. Бір жылдың ішінде бізден жүз шақты қызметкер арасында басқа органдарға ауысқандар, зейнеткерлікке шыққандар бар және өз еркімен жұмыстан шыққандар бар. Сонымен қатар 2023 жылдың ішінде 200 шақты кандидатты жұмысқа алдық. Қазіргі таңда 116 ваканттық орын бар. Ол да осы жылы Президент тарапынан, мәслихат тарапынан депуттардың айтуы бойынша жылдың ортасынан бастап біздің қызметкерлерге баспаналық ақшалар төлейді деп жатыр. Сол қаражаттар бөлінетін болса, жаңағы ваканттық орындар бәрі жабылады деп ойлаймын.

Осылайша өрт сөндірушілердің әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін айтқан подполковник: «Кадр тапшылығын шешудің бір жолы - мамандардың жағдайын жасау», - деді.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Бағдат Қайыркен