Он екі облыста су тасу қаупі бар

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, елдегі 12 облыста су тасу қаупі бар.

Осыған байланысты әр өңірде нақты іс-шаралар басталып, шұғыл әрекет ету жоспары бекітілді. Аймақтардағы ахуал қандай?

Су басуы мүмкін деген аймақтың бірі - Шығыс Қазақстан облысы. Өңірде 71 елді мекенге қауіп төніп тұр. Қазір мамандар су қоймалары мен тау бөктерлерін бақылауға алды. Тасқынның алдын алу үшін Үлбі өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Енді Риддер, Күршім, Алтай аудандарында осындай жұмыстар атқарылады. 

Қуатбек Кенжебекұлы, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

- Болуы мүмкін жағдайда жалпы взрыв, мұзды жару жұмыстары қарастырылып, әкіммен қаулы шықты, ақшасы бюджеттен қарастырылды. 315 миллион көктемге ғана мұз жаруға ғана сондай ақша бөлініп отыр.

БҚО

Батыс Қазақстан облысы да су басу қаупі жоғары аймақтардың қатарына кірді. Қазір мамандар 150-ге жуық елді мекенді қатаң бақылауға алып отыр. Өңірде тасқынға қарсы 140 іс-шара атқарылды.   

Нұралы Мұсиев, БҚО ТЖД басқармасының бастығы:

- Су тасқынын болдырмау мақсатында кең ауқымды шаралар жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, қазіргі таңда елді мекендерде қар шығару жұмыстары, арық пен каналдарды тазарту, мұз кесу, ойық бұрғылау, қамыс шабу жұмыстары жүргізілуде.

СҚО

Ал Солтүстік Қазақстан облысында 87 ауылды су басуы мүмкін. Биыл өңірде қар көп. Оның үстіне жаңбыр жауып, жердің беті қатып қалған. Мамандардың айтуынша, мұз қыртысы қазір 20 мм дейін жеткен.

Мұрат Қанғожинов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

- Қазір облыс бойынша 242 уақытша көшіру орны ұйымдастырылды. Су басуы мүмкін үйлердің тізімі жасалды. Көктемгі тасқынға техникалар сақадай сай. Сонымен қатар полиция, төтенше жағдайлар және әскери қызметкерлерден құтқару топтары құрылды.

Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің болжамы бойынша, көктемгі тасқын еліміздің оңтүстігінде ақпанның аяғында, ал солтүстігінде наурыздың басында болуы мүмкін.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы