Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толды

Бүгін Кеңес әскерінің соңғы солдаты Ауғанстан жерінен шыққанына 35 жыл толды.

1979 жылы басталған соғыс адамзат тарихындағы ең ұзақ қақтығыстардың бірі ретінде қалды. Он жылға созылған соғысқа қазақстандық жауынгерлер де қатысты. 22 мың отандасымыз Ауғанстан жерінде азаматтық борышын өтеді. Мыңға жуық жауынгеріміз қан майданда көз жұмып, мәңгілік тыныс тапты. Ал жиырма шақты адам із-түзсіз жоғалды. Он жылдық соғыста қазақ сарбаздары сан мәрте ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Кеңес әскері құрамындағы 200 мыңнан астам адам мемлекеттік марапатқа лайық деп танылған екен. Оның 2 мың 265-і өзіміздің қандасымыз. Бүгінде майдангерлер жас ұрпақты патриотизмге баулуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Жиі-жиі кездесулер өткізіп, өмірден көргені мен түйгенін жастармен бөлісуді дәстүрге айналдырған.

Абзал Масабаев, ауған соғысының ардагері:

- Бұл соғысты қазір әркім әртүрлі айтады ғой. Керегі жоқ соғыс еді, анау еді деп. Олай емес енді. Сол уақытта біз мынау есірткіге тосқауыл болдық. Караван-караван есірткілерді ұстап, мысалы. Біз енді қаланып сол соғысқа барған жоқпыз. Бұл соғысты Құдай басқа бермесін. Еліміз аман болсын. Жұртымыз тыныш болсын. Сол үшін біздің ауғандық жігіттер қазір патриоттық ұйымдар ашып, жастарды отансүйгіштікке үйретіп жатыр.

Амантай Махметов, ауған соғысының ардагері:

- Біздің уақытымызда әскерге бармаған деген мүмкін емес-тін. Жаппай кететінбіз. Қалып қойғандар қалып қойдық деп ренжитін. Біздің қатардан, мысалы, бір-ақ бала денсаулығына байланысты бармады. Ананың сүтін ақтау керек дейді, иә, ер балалар. Ер балалар Отан қорғап ақтауы керек шығар, басқа қалай ақтайсың сен енді. Отанның тыныштығын сақтау, әскерге бару ер адамға парыз деп ойлаймын.