Елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі қозғалды

Елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі қозғалды

Қолжетімділіктің интерактивті картасында көрсетілген 42 мыңға жуық нысанның тек үштен бір бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Қазіргі уақытта инклюзивті саясат тұжырымдамасына ұсыныстар қабылдау басталды. Ел аумағында 725 мыңға жуық ерекше күтімді қажет ететін азамат тіркелген. Олардың мүдделерін қорғайтын 24 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Бүгін арнайы ұйымдастырылған жиында зейнет жасын қысқарту, жұмыспен қамту, спорттық шараларды ұйымдастыру сынды түйткілдер көтерілді. Қоғам белсенділері айрықша қажеттілігі бар жандарға қарап отырған ата-анасына, жақындарына оңалту шараларын жүргізу қажеттігін атап өтті. Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жартысынан астамы жұмыс істеуге қабілетті. Сондықтан оларды оқытудың жаңа жүйесі енгізілмек.

Назгүл Сағындықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Ол тек қана Еңбек министрлігіне, әлеуметтік салаға қатысты емес азаматтардың тыныс-тіршілігінің барлық саласын қамтитын болады. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм, транспорттық қызметтерге қолжетімділік, қаржылық қызметтерге қолжетімділік осы барлық саланы қамтитын болады.

Маржан Абдуллина, «Nasledie» қоғамдық бірлестігінің директоры:

- Ерекше күтімді қажет ететін баласы бар ата-аналардың зейнетке шығу мерзімін қысқарту қажет. Мәселен, аналары 53, әкелері 57 жастан шықса дейміз. Көпшілігі ем алу үшін жиі шетелге шығуға мәжбүр. Сондықтан мемлекеттен арнайы субсидия бөлінуі керек. Сонымен қатар 18 жастан асқан азаматтарға санаторий-курорттық ем тағайындау мәселесі де қарастырылып жатыр. Спорттық секцияларды көбейту ұсынылды. Халықаралық деңгейде түрлі турнирлер, форумдар, сайыстар өткізу жоспарда бар.