Жамбыл облысында тұрғындар өсімдік майы зауытының жұмысына наразы

Жамбыл облысында тұрғындар ауыл ішінде орналасқан өсімдік майы зауытының жұмысына наразы.

Себебі май қайнатқан кезде жағымсыз иіс жайлап кетеді. Тұрғындар тыныс жолдары ауруларына шалдығып жатырмыз дейді. Ал жергілікті билік зауытта тиісті талап сақталған деп сендірді.

Байзақ ауданындағы Көктал ауылында бір ғана ірі кәсіпорын бар. Өсімдік май зауыты 2018 жылы ауыл іргесінен ашылған. Содан бері зауыт жұмысына сол маңның тұрғындары қарсы. Айтуларынша 300 градуста қуырылған пістенің иісі елдімекенге тарап, жұрт ауадан ауру тапқан.

Нұржамал Ағанасова, ауыл тұрғыны:

- Бізден рұқсат сұраған жоқ жаңадан соғылып жатқан уақытта. Май шығарып жатқан уақытта иісі деген масқара енді. Денсаулыққа зиян балаларымыздың тамағы ауырады. Өзіміздің басымыз ауырады. Аллергия болып жатырмыз. Тамақтан, бронхыдан.

Ауыл балаларының кейінгі жылдары аурушаң бола бастағанын ауыл дәрігері де растады.

Шахизада Самал, педиатр:

- Зауытқа жақын орналасқан тұрғындарымыз, әсіресе кішкентай балаларымыз педиатр ретінде айтам жиі ауырады. Айына 3-4 мәрте жылда ауыратын балалар 4-6 рет ауыратын болса, бұл кісілер бір айда 2-3 рет обструктивті бронхитпен жиі ауырады.

«Шикізаттың басым бөлігін Павлодардан алдырамыз», - дейді зауыт басшылығы. Тек майды әзірлеудің соңғы сатысында жоғары градуста қыздырады. Жағымсыз иіс сонда шығады. Деседе «экологиялық талаптың бәрін сақтап, өндірісті тұрғын үйлерден 100 метр қашықта салдым», - дейді кәсіпкер. Әрі жобада тұндырма сүзгілері талап етілмеген көрінеді. Бірақ жұрттың наразылығынан соң технологтармен ақылдасып, құрылғыларды орнатпақ.

Марат Есенбаев, май зауытының өкілі:

- Россияның адамдарымен де Қытайдың адамдарымен де неғылып жатырмыз. Бұған фильтр қоямыз деп отырмыз. Жаңағы ненің басына фильтр қойып, ауылдан былай кететіндей қылып. Оны ойластырып жатырмыз шынын айтқанда. Бір момент болатын нәрсе емес қой. Оған да қаражат керек пәленбай.

Салаға жауаптылар «соңғы бір жылда ешқандай ресми шағым болмады, тұрғындар арыз жазса соның негізінде экологтармен тексеріс жүргізуге дайынбыз», - дейді.

Қанат Телеуов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Өзіміз келеміз. Комисия құрамыз. Комиссионның келіп кәсіпкердің өзін шақыртып, телефон нөмірі байланыстары бар бізде. Сөйтіп заңдылығының бәрін анықтаймыз.

Зауыт иесі тұрғындар талабына құлақ асып, қажетті сүзгілерді биыл орнатам деп уәде берді. Осылайша қос тарап әзірге ортақ мәмлеге келгендей болды . Айта кетерлігі ауылдағы өнеркәсіпте 40 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдерін еліміз бойынша сатып бірнеше шетелге экспорттайды.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә