Екібастұзда жылу маусымы қалыпты өтіп жатыр

Екібастұз қаласы жылу маусымын қалыпты режимде өткізіп жатыр.

Алты қазандық іске қосулы. Бүгін кеншілер шаһарында ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендеді. Дегенмен, жылу көрсеткіштері талапқа сай. Жауаптылар тұрғындардан шағым түспегенін алға тартуда.

Екібастұзда 2022 жылдың қарашасында болған коммуналдық апаттан кейін жылу энерго орталығы күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен, облыстық бюджет пен акционерлерден қомақты қаржы бөлінді.

Анатолий Моисей, "Екібастұзжылуэнерго" бас директорының м.а:

- Он қазандық агрегаты күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Екі түтін мұржасы жаңғыртылды. Атқарылған жұмыс газ құбырлары мен көмекші жабдықтарды да қамтыды. Жалпы тозу деңгейін 62 пайыздан 42 пайызға төмендеттік. Әрине тез арада бәрін толық жаңарту мүмкін емес. Дегенмен бірталай шаруаның басы қайырылды.

Осы жөндеу науқанында магистральді 75 шақырым желі ауыстырылды. Осының нәтижесінде жылу сапасы артты. Қазір Бақытгүл Молдахметованың үйіндегі батареялар қол тигізбейді. Әйтсе де өткен қыстың ызғарын ұмыту мүмкін емес, дейді. 

Бақытгүл Молдахметова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Биыл шағым жоқ. Биыл жылы, мына трассаны бәрін ауыстырды ғой. Бізде мына ас үй өте салқын болатын. Биыл прогресс, үй жылы, ешқандай шағым жоқ. Міне көріп тұрсыздар жаңалаңаш жүрміз, былтыр тәулік бойы жылытқыш қосып отырдық.

Ольга Беспалова пәтер иеленуші кооперативінің төрағасы. Ол жетекшілік ететін ұйымға көп қабатты 30 үй кіреді. Қала бойынша былтырғы жаз мезгілі коммуналдық саладағы барлық ақауды жоюға арналды. Ұзақ жыл бойы жылудан тарыққан жұртшылық бұл іске білек сыбана кірісті.

Ольга Беспалова, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Өткен жазда көптеген үй күрделі жөндеуден өтті. Жылу трассасы жаңартылды. Жертөлелердегі барлық құбыр, жылу тораптары толық ауыстырылды. Өзім Абай көшесінде тұрамын. 18 жыл бойы суық үйде тұрып келген едім. Биыл менің пәтерім жылынды.

Энергетика саласының ардагері Сергей Соколов Екібастұздың жылу орталығы өзінің тарихында мұндай жөндеу жұмыстарын көрмегенін айтады. Кәсіпорын үшін жаңару кезеңі енді басталды.

Сергей Соколов, энергетика саласының ардагері:

- Ондаған шақырым желі ауыстырылды. Өте ауқымды жұмыс атқарылды. 70 жылға жуық уақыт ішінде Жылу энерго орталығы мұндай ірі, ауқымды жөндеулерді көрмеді. Әрине ол үлкен коммуналдық апаттан кейін қолға алынып отыр. Қазір орталық қалыпты жұмыс істеп тұр және жылу тапшылығы туындамайды деп ойлаймын. Себебі жобалық қуаты сағатына 750 ГигаКалория. Резервте 450-500 гигаколория бар. Ал қалаға қажеті 200-ге жуық, тіпті одан да аз.

Аз уақыт ішінде қолданыстағы 10 қазандықты 100 пайыз жаңарту мүмкін емес. Қыстан қысылмай шығу үшін ең маңызды деген салаларға басымдық берілді. Жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын табады. Әзірге алты қазандық жұмыс істеп тұр. Қалған төртеуі резеврте.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков