Жылыжай жұмысын автоматтандырды

Таразда жоғары оқу орнының ғалымдары мен студенттері жылыжай жұмысын автоматтандыратын датчик-құрылғы ойлап тапты.

Жаңа құрылғы топырақтың ылғалдылығын анықтап, суару керек кезде хабар береді. Оған қоса студенттер 100-ден аса тропикалық жемістерді жерсіндіріп жатыр.

Сабыржан Орынбасар студенттерімен бірге жылыжай жұмысын автоматтандыруға арналған жүйені 6 айда жасаған. Жерге орнатылған датчик-құрылғылар топырақтың температурасы мен ылғалдылығын анықтап, атмосфералық қысымнан хабар береді. Жаңа құрылғылар арқылы тіршілік нәрімен жаппай емес, қажет тұстарын ғана суаруға мүмкіндік туады.

Сабыржан Орынбасар, ғылым бөлімінің басшысы:

- Осы егін алқабы немесе жылыжай кешендеріне әр түрлі сенсорлармен қамтамасыз етіліп орнатылады. Оның берген ақпараттары бізде екінші бөлік ол телеметриялық бөлік деп аталады. Сол телеметриялық бөлікке сенсорлық таратқыш бөліктері ақпарат жібереді. Климат бақылау жүйесін басқару мақсатында телехезаникалық бөлігі жасалған. 10 км қашықтықта екі саусақ батарейкасы арқылы бір жылдай ақпарат бере алады.

Автоматтандырылған жүйе өз нәтижесін беріп те үлгерді. Бүгінде жылыжайда тропикалық өсімдіктің 110 түрі жерсінген. Оған қоса банан, лимон, апельсин мен 12 түрлі дәмдеуіш өнім беріп жатыр.

Мерей Бает, тілші:

- Жылыжайдың біз тұрған мына бөлігінде тропикалық інжірдің 7 сорты бар. Мамандар өсімдіктерді Қытай, Түркия, Өзбекстан елдерінен алып келіп жерсіндірген. 6 ай бұрын егілген інжірлер қазір жеміс беріп жатыр.

Құралай Әйтекова, техника ғылымдарының кандидаты:

- Жылыжай жағдайында өсіріп өнім алуымызға болады. Мысалға лимон түрлерін қазір өсіріп өнім алып жатыр да біздің қоңыржай белдеуде Қазақстан территориясында. Сол сияқты енді біз ары қарай осы тропикалық банан өсімдігі манго өсімідігін сол жылыжайда өндіріп, содан өнім алуға болатынын ғылыми түрде зерттеп жатырмыз.

Оқу ордасының ғылыми қызметкерлері ауыл шаруашылығына қажетті датчиктерді енді егістік алқаптарына ыңғайлап жасамақ. Трансшекаралық суға тәуелді Әулиеата өңірі үшін суды үнемдеу аса маңызды. Сондықтан өнертапқыштар «жаңашылдыққа жергілікті билік қолдау көрсетсе», - дейді. Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә