Абай облысында алты мыңнан астам сәби балабақша кезегінде тұр

Абай облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2027 жылға дейін 9 балабақша салынады.

Оның бесеуі Семей қаласында бой көтереді. Қазіргі таңда өңірде 6 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Әсіресе облыс орталығында мектепке дейінгі білім беру нысанына сұраныс жоғары. 

Балабақшаға зәрулік облыс орталығында байқалып отыр. Семейде 4 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Әсіресе Қарағайлы, Шығыс, Восход ықшам аудандары мен Бобровка ауылында сұраныс жоғары. Мәселен, 8 мыңнан астам тұрғыны Қарағайлы ықшам ауданында 320 орындық жалғыз ғана балабақша бар.

Гүлмира Кәбиева, балабақша әдіскері:

- Ата-аналардың тарапынан өте көп сұраныс түсіп жатыр. Енді бізде мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істегеннен кейін 320 баладан артық баланы балабақшаға қабылдай алмаймыз. Сондықтан ол үшін, баланы қабылдау үшін төсек орындары керек. Арнайы шкафтары керек. Сондықтан бізге берілген тапсырыс бойынша одан артық баланы қабылдай алмай жатырмыз. Қазір мүмкіндігіміз жоқ боп тұр.

Үржар ауданы Ақжар ауылының тұрғындарын да балабақша мәселесі мазалайды. Халық саны екі мыңнан асатын елді мекенде жеке балабақша жоқ. Алпысқа жуық бүлдіршін оқушылармен қыстырылысып оқуға мәжбүр. Өйткені мектеп 384 орынға арналғанымен қазір мұнда 500-ге тарта оқушы білім алуда.  

Мейрамгүл Шантаева, Ақжар ауылының тұрғыны:

- Былтыр біз 160 балаға пысырдық тамақты. Биыл 370 бала боп кетті ғой. Енді бізге балабақша керек. Өйткені кішкентай баламен өте көп семьялар келіп жатыр. Мен өзім де мысалы бір-екі немере бар. Орын жоқ. Соған балабақша болса жақсы болар еді. 

Манар Арқабаева, мектеп директоры:

- 2011 жылдан бастап мектеп жанында осы «Еркем-ай» балабақшасы ашылды. Бірақ қазіргі күні мектебімізде бала санының көбеюіне байланысты біраз кабинеттерге тапшылық болып жатыр. Егер де біздің мектепте отырған алпыс бала сол балабақшаға ауысса, мектебіміздегі оқушыларға кабинеттер саны толықтай жетеді.  

Бүгінде Үржар ауданында балабақша тапшы. Осыған орай өңірдің үш ауылында 380 орындық мектепке дейінгі білім беру нысанын тұрғызу жоспарланып отыр. 

Данара Жүнісова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Қазіргі уақытта Абай облысында кезектілікте 6 мыңнан астам балалар тұр. Оның ішінде екі жастан алты жасқа дейін үш мыңнан астам. Ең көп кезектілік біздің Семей қаласында, Үржар ауданында және Аягөз қаласында.

Мәселені шешу үшін облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2027 жылға дейін 9 балабақша  салу көзделген. Оның бесеуі Семей қаласында бой көтереді. 

Азамат Қасым, Медет Өмірханов