«ZHAS PROJECT-2024» конкурсы басталды

Елімізде "ZHAS PROJECT-2024" конкурсы басталды. Жоба аясында өз кәсібін бастауға ниетті жастарға қайтарымсыз 1 млн тг көлемінде гранттар беріледі.

Бастысы жоба әлеуметтік мақсатта болуы керек. Биыл ілкімді істің игілігін 280 қазақстандық көре алады. Оның ішінде NEET санатындағы жастарға басымдық беріледі.

Бұл жайлы Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы мәлімдеді.

Қазір өңірлерде ақпараттық насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жобаға қатысушылар наурыз айының 25-і мен сәуірдің 25-і аралығында өтінім бере алады. Әрі қарай іріктеу жұмыстары 14 мамырға дейін жалғасады. Ал жоба жеңімпаздары 15 мамырда анықталады.

Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

- Жобаға қатысушылар келесі талаптарға сай болуы керек. ҚР азаматы. Бағана айтқандай 18-35 жастағы жастар, 35 жасты қоса алғанда. Өтінім беру кезінде өңір аумағында тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы тиіс. Өтініш беруші өтінім беру кезінде уақытша тұрақсыз жастар мәртебесінде болуға тиіс.