Батыста 11 мың бас малға себепсіз вакцина салынған

Батыс Қазақстан облысында 11 мыңға жуық ірі және ұсақ малға бруцеллезге қарсы негізсіз екпе салынған.

Мұндай олқылық өңірдің 4 бірдей ауданында тіркеліпті. Заңсыздықты жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері анықтап отыр. Олар екпе 1 жасқа толмаған малға салынған дейді. Ал бұл ветеринариялық талапқа қайшы. Жауапты мамандар болса бұл малдың деректер қорына кеш енгізілуіне байланысты туындаған қателік екенін айтады.

Мұратбек Қасымов БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Теректі, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Қаратөбе аудандарының ветеринариялық дәрігерлері жасы 12 айдан аспайтын малға негізсіз вакцина еккен. Бүгінгі таңда барлық кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдері біздің ұсыным негізінде жойылды.

Нұрқайыр Құсайынов, БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл жерде мал 1 жасқа толып кеткен ересек малдар. Жасы сәйкес келеді. Бірақ 2021-22 жылдары облысқа малды тіркеуге қою үшін бірдейлендіру бұйымдары кешігіп келді. 2021-22 жылдың бірінші жарты жылдығында келуі тиіс бірдейлендіру бұйымдары жылдың соңында келді. Соған байланысты кей малдар тіркеуге алынбай қалды.