Бадам өзенінің арнасы нығайтылады

Шымкент асау өзеннің арнасын нығайтуға кірісті. Бадам өзенінің бойына бетоннан тоған жасап, жағалауды бекітуге бюджеттен 5 миллиардтан астам теңге бөлінген, деп хабарлайды 24KZ.

Енді құрылыс қай аумақтарда жүргізіледі? Неше шақырымды қамтиды?

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жыланбұзған елді мекені маңында Бадам өзенінің арнасын бетондап, жағалауын нығайту үшін құрылыс жұмыстары басталды. Әйтпесе, ағысы қатты өзеннің арнасы кеңейіп, мұндағы тұрғын үйлердің ауласы тарылып барады. Осыған қатысты Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жер бедерін көшкінге бейім аумаққа жатқызды.

Асан Мұстафаевтың үйі Бадамның жағасында жақын орналасқан. Айтуынша, соңғы кезде өзен арнасы опырылып, 100 метрге дейін ұлғайған. «Толассыз жаңбыр мен қалың қар жауса маза қашады», - дейді. Сондықтан тасқынға тосқын болар құрылыстың сапалы жүргізілуін сұрайды.

Асан Мұстафаев, Жыланбұзған ауылының тұрғыны:

- Көктемде Бадам өзені көтеріледі. Су келеді. Ары кетеді, бері келіп ұрады. Не болады ақыры деп әйтеуір су тоқтағанша күтіп жүреміз. Уақытылы бәрін дұрыстап берсе, сол жақсы болар еді халыққа. Халықтың рақметін алады. Батасын алады.

Бадам өзенінің ұзындығы – 45 шақырым. Жыланбұзған елді мекенінен бөлек, Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында тағы жүздеген үй қауіп үстінде тұр. Салаға жауаптылар өзен арнасын нығайту үшін 5 миллиардтан астам теңге бөлінгенін айтады. Құрылыс келер жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Мейрамбек Оразымбет, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Бадам өзенінің жағалауын нығайту бойынша қауіпті 6 учаске бар. Сол жердердің жағасын бетондайды, механикалық тазалау жұмыстарын жүргізеді және табанын бетондайды. Ол жерде 150-ден астам үйге қауіп төніп тұрғандықтан, сондай шешімге келіп отырмыз.

Ал Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері көктемгі су тасқынын болдырмау үшін дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Дәл қазір өзен-каналдар жаңбыр мен қар суына 60%-ке толып тұр.

Асқар Шәріп, қалалық ТЖД ресми өкілі:

- Қазіргі уақытта қала төңірегіндегі 10 гидротехникалық құрылысты, 4 ірі өзенді және 30-дан аса каналды аса үлкен бақылауда қарап отырмыз. Су тасуына немесе қандайда бір қауіп төндіретін бірден-бір өзен ол Бадам өзені болып есептеледі. Ол бекітілмеген жағдайда, өзіңізге белгілі, су деңгейі жоғарылаған сайын сол жерде жақын орналасқан елді мекендерде су тасу қаупі төнеді.

Құтқарушылар жыл сайын Бадам өзенінің арнасын бұру арқылы тасқын қаупінің алдын алып келген. «Енді өзен жағалауын нығайтып, табанын бетондау арқылы жергілікті жұрттың үрейін біржолата сейілтеміз», - дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.